"Астана" командасының бас бапкері Станимир Стойлов Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы "Спартак" (Юрмала) командасына қарсы кездесу алдындағы баспасөз жиынына қатысып, журналистердің тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
- Командамның ертеңгі ойынға дайындығы жоғары деңгейде. Команда құрамында жарақат алған ойыншылар жоқ. "Астана" Чемпиондар Лигасының жаңа маусымында ел намысын лайықты дәрежеде қорғауды мақсат етеді. Осыған дейін елордалық команда екі мәрте еурододалардың топтық кезеңінде өнер көрсетіп, өте жоғары деңгейдегі ойын үлгісін көрсеткен еді. Бұл өз алдына үлкен жетістік. Ал, дәл қазіргі уақытта ол жетістігімізді лайықты қорғап, одан да жоғары нәтижеге жету маңызды. Қарсылас "Спартак" командасына келер болсам, құрамында тәжірибелі ойыншылар жинақталған, өз ойын мәнері қалыптасқан, қорғанысы мығым команда. Бұл ойында бізді барлығы фаворит санағанмен, ал оны алаңда дәлелдеу жағы тағы бар. Сондықтан, қағаз жүзіндегі басымдықты, алаңда көрсетеміз деген ойдамын.
- Команда сапына жазғы трансферлік кезеңде қосылған жаңа ойыншыларды қатарға қосып, тіркеп үлгердіңіздер ме?
- Бізде әзірге Марин Томасовпен аздаған мәселелер болып жатыр. Соңғы сәтке дейін біз бұл ойыншыны тізімге қосып үлгереміз деген сенімдемін. Маринді қатарға қосудағы басты мақсатымыз да Чемпиондар Лигасы алдында команда құрамын күшейту болатын. Томасов – тәжірибесі мол, шеберлігі жоғары ойыншы. Алайда, оған тезірек тізімге еніп, тез арада өзінің спорттық бабына келуі қажет. Ал ойыншыны команда тізіміне қосу тұрғысында қандай мәселелер болып жатқандығын нақты білмеймін.
- "Астана" және "Спартак" бірінші ойындарының орнын алмастырған болатын. Екі ойыннан тұратын текетірестің алғашқысын сырт алаңда өткізу сіздің командаға қол бола ма?
- Мен үшін бәрібір. Екі ойында қай команда басым болады, сол келесі кезеңге өтеді. Алғашқы ойынды алмастыру себебімізді барлықтарыңыз өте жақсы білесіздер. "Астана Аренада" түрлі іс-шаралар жоспарланғандықтан, стадионның қай уақытта босайтындығын білген жоқпыз. Сондықтан, екі команда басшылығы келісімге келіп, ойындардың орнын алмастыруға шешім қабылдадық.
- Қарсыластарыңды зерттеп үлгердіңіздер ме? "Спартак" командасының ойын мәнері туралы не айтасыз?
- "Спартак" – ұйымшыл, комбинациялық ойын үлгісін көрсетіп жүрген мықты команда. Ойын барысында шабуылға өте көп мән береді. Сол нәтижелі ойындарының арқасында Латвия чемпионатында көш бастап тұр.
- Сіздер де ертеңгі ойында шабуылға көңіл бөлесіздер ме?
- Мен жоғарыда айтқандай, фаворит тек қағаз жүзінде болады. Біз ойын барысындағы орын алған жағдайларға сәйкес өз ойынымызды ойнауға тырысатын боламыз. Қажет кезде шабуылдап, керек сәтте қорғана білуіміз керек. Еуропаға өзімізді дәлелдеу үшін, Чемпиондар Лигасының кез келген кездесуінде біз өзіміздің ең жақсы ойын үлгімізді көрсетуіміз қажет.
- Алаңның сапасы туралы не айтасыз?
- Меніңше, алаң жақсы. Жаман емес.
- Юрмала курортты қала екенін белгілі. Футболшыларыңыз демалыс аймағында жүргенін сезіп, босаңсып кетпей ме?
- Бір жағынан адам болған соң курорты аймақта жүріп, демалып, босаңсуға да болады. Екінші жағынан, футболшы болған соң демалуға емес, футбол ойнауға келгенін ескеріп, босаңсымау керек. Қазақстандық клубтар жыл сайын Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында ойнап жатқан жоқ. Соңғы үш жылда ғана еурокубоктарда ойнап жүр. Еуродода мен ел чемпионатында ойнап жүрген футболшыларда босаңсуға уақыты болмауы керек. Футболшыға демалыс керек болса, жай ғана клубтан кетіп қалғаны дұрыс.
- Өткен жылғы "Жальгириске" қарсы ойын барлығымыздың есімізде. Осы тұрғыда ойыншыларыңызға ертеңгі кездесу алдында босаңсымау керектігін ескерттіңіз бе?
- Мен әрдайым командама Еуропада оңай футбол жоқ екенін айтып отырамын. Кез келген команда өз елінің чемпиондары. Олар бізге қарсы ойнауға 100 пайыз дайын тұрады. Былтырғы қарсыластарымыз да өте мықты командалар болатын. Әсіресе, "Жальгирис" командасы бізді біраз әбігерге салғанын айта кеткен жөн.
Жолдаған: Асқар Хамиден