Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуде шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек екенін айтты.
"Өйткені кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн,– деді Мемлекет басшысы.
Париж Олимпиадасына Қазақстаннан 11 легионер қатысып, бірде-бірі жүлделі орыннан көрінген жоқ. Теннисші Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева жарыс жолына шыққан да жоқ.