Спортқа оралған Илья Ильин ел чемпионатында топ жарды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Спортқа оралған Илья Ильин ел чемпионатында топ жарды
Фото ©️ vesti.kz

Спортқа қайта оралған қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин Талдықорғанда өтіп жатқан ел чемпионатында 102 келіге дейінгі салмақта топ жарды.

БӨЛІСУ

Илья жұлқа көтеру жаттығуын 165 келіден бастады. Бірінші мүмкіндігінде бұл салмақты ырқына оңай бағындырды. Екінші мүмкіндігінде 170 келі зілтемірді басынан асырды. Соңғы мүмкіндігін де сәтті пайдаланып, 172 келімен жұлқа көтеру жаттығуын аяқтады.

Илья Ильинмен 96 келіге дейінгі салмақтағы Рүстем Сыбай да бәсекелесті. Ол жұлқа көтеруде 1 келіге қалып қойды.

Cерпе көтеру жаттығуын Илья Ильин 200 келіден бастады. Екінші мүмкіндігінде 208 келі салмақты көтере алмады. Ал Рүстем Сыбай екі мүмкіндігінде мүлт кетіп, үшінші рет шыққанда барып 207 келіні көтерді. 

Соңғы мүмкіндігінде Илья Ильин 208 келіні көтеріп, жергілікті жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Өз салмағында 380 келі (172+208) көрсеткішпен топ жарды. Рүстем Сыбай (171+207) болса 96 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз атанды. 

Жарыс соңынан Илья Ильин 3 жылдан кейінгі алғаш рет тұғырға шығу оңай болмағанын айта кетті. Сондай-ақ қолдау білдірген барша жанкүйерлеріне алғысын білдірді. 

- Мен қайта оралдым. Көңіл-күй жақсы. Бәрі ұнады. Тұғырға шығу оңай болған жоқ. Сондықтан аз салмақ көтеруден бастадым. Барлығы жоспар бойынша өтті. Қызықты бәсекелестік болды. Рүстеммен бұрыннан таныспыз. Екеуміз де алтын ала тұрып, жарыстық. 

Шын айтайын, оңай болған жоқ. Ары қарай дайындаламыз. Нәтижем жоғары болса, әлем чемпионатына қатысамын. Әзірге белгісіз. Егер толық бабыма келіп үлгермесем, келер жылы құрлықтық жарыстарға қатысатын боламын, - деді ауыр атлет.