
Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков қала тұрғындарымен кездесуінде Асхат Тағыбергеннің көпмиллиондық жалақысы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан құрамасының және "Ордабасы" клубының капитаны Асхат Тағыберген ұлттық құраманың ең қымбат он ойыншысының қатарына кіреді. Шымкент әкімі Асхаттың ойыны төмендеп кеткенін ашық мәлімдеді.
"Бізге "батпаққа" батқан команданы қалдырды. Футболшылардың орташа жалақысы – 15 миллион теңге. Келісімшарттар 2 жылға жасалған және УЕФА-да тіркелген. Егер олармен келісімшартты бұзсақ, толық өтемақы төлеуге міндеттіміз. Асхат Тағыберген енді ойнай алмайды, бірақ кеткісі де келмейді, жай ғана отыр. Ашық айтамын, оның жалақысы – 20 миллион теңге. Бұл жағдайға қатысты мен ештеңе істей алмаймын", – деді әкім.
Айта кетейік, Ғабит Сыздықбеков 2023 жылдың 5 қыркүйегінде Шымкент әкімі болып тағайындалған. Бір айдан кейін "Ордабасы" алғаш рет ел чемпионы атанды. Ал өткен маусымда команда төртінші орын алып, "Ақтөбеден" бір ұпайға қалып қойды. 34 жастағы Асхат Тағыберген Қазақстан премьер-лигасының жаңа маусымында екі матчқа негізгі құрамда шықты, бірақ нәтижелі әрекеттерімен көзге түсе алмады. Ұлттық құраманың бас бапкерінің міндетін атқарушы маман Тағыбергенді 23 және 26 наурызда Уэльс пен Лихтенштейнге қарсы ойындарға шақырды.
Асхат Тағыбергеннің жалақысы қаншалықты жоғары?
Шымкент әкімі 20 миллион теңге қандай мерзімге төленетінін нақтыламады, бірақ футболдағы жалақы жүйесін ескерсек, бұл ай сайынғы еңбекақы болуы мүмкін. Егер еуроға шақсақ, ол клубтан шамамен айына 36 мың еуро, ал жылына 432 мың еуро алады.
Capology сайтының мәліметінше, Қазақстандағы ең жоғары жалақыны Бахтиёр Зайнутдинов алады – "Бешікташта" оның жалақысы жылына 2 миллион еуро. Ал Абат Аймбетов "Адана Демирспорда" жылына 620 мың еуро табады. 16 жастағы "Қайрат" академиясының Дастан Сатпаев "Челсиде" айына 16,5 мың еуро, жылына 200 мың еуро жалақы алады.
Өткен жылы беларусьтік БАҚ Қазақстандағы бірнеше футболшының жалақысын жариялаған болатын. Олардың ішінде ең көп алатын легионер – Макс Эбонг, ол айына 15-17 мың доллар табады.
Бұған дейін БАҚ-та Бахтиёр Зайнутдинов жарақатына байланысты Қазақстан құрамасының алдағы матчтарына қатыса алмайтыны туралы ақпарат тараған. Ал Асхат Тағыберген жанкүйерінің арманын орындап, туған күнімен құттықтады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!