Кәсіпқой бокста еліміздің атынан сынға түсіп, WBA тұжырымының жартылай ауыр салмақ дәрежесіндегі чемпионы Бейбіт Шүменов шаршы алаңға қараша айында шығатын болды. Қарсыласы словакиялық боксшы - Томаш Ковач.
Бейбіт Шүменов Томашқа қарсы жұдырықтасуда өзінің чемпиондық атағын қорғайтын болады. Кәсіпқой бокстағы өз жолын 2007 жылы бастаған отандасымыз осыған дейін 14 кездесу өткізіп, оның 13-де жеңіске жеткен. Тек біреуінде ғана 2009 жылы Габриэль Кампильоға есе жіберген болатын. Ал тоғыз кездесуін нокаутпен аяқтаған. Соңғы кездесуін өткен жылдың 2 маусымында Энрике Орналеске қарсы өткізіп, чемпиондық атағын абыроймен қорғап қалған-ды. Ал енді Бейбіттің келесі қарсыласы Томаш Ковач жайлы не білеміз?
36 жастағы Томаш Ковачтың тәжірибесі мол-ақ. Кәсіпқой бокстағы 23 кездесуінің барлығында қарсыласынан айласын асырған. Оның 14-де қарсыласын нокаутқа жіберген екен.
Словактардың мақтанышына айналған боксшы мен жерлесіміз Бейбіт Шүменов арасындағы шаршы алаңдағы жұдырықтасу үстіміздегі жылдың 23 қарашасына белгіленіп отыр.
Дайындаған: Ерғали Ердос
Сурет: boxingblog.com.ua