Жартылай ауыр салмақтағы WBA тұжырымының суперчемпионы саналатын, қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов (14-1, 9 КО) осы дивизиондағы IBF чемпиондық белбеуінің иесі, америкалық Бернард Хопкинсті (54-6-2, 32 КО) жеңіп жатса, өзін әлемдегі ең мықты боксшы екеніне көпшіліктің көзін жеткізетінін мәлімдеді.
"Хопкинс – ескі мектептің жауынгері, сондықтан да ол маған ғана емес, көптеген боксшылар үшін де үлгі тұтарлық тұлға. Мені таңқалдыратыны – оның осындай жасқа келіп спорттық бабын сақтай алуы мен әлі күнге дейін былғары қолғабын шешпегені. Қазіргі кезде Бернард жартылай ауыр салмақтағы ең үздік боксшы. Ал онымен кездесіп, басым түсу әлемдегі ең мықты екенімді дәлелдеуге берілген тамаша мүмкіндік. Менің басты мақсатым – осы дивизиондағы барлық чемпиондық белбеуді иелену",-дейді Шүменов.
Одан бөлек, қазақстандық боксшы спорттың осы бір түрінің өміріндегі ең үлкен құштарлық екенін айтып, бокс тарихындағы атақты чемпиондардың қатарынан көрінгісі келетінін де жасырмады: "Маған Шугар Рэй Робинсон, Джо Луис, Мұхаммед Әли, Шугар, Рэй Леонард. Роберто Дюран, Томас Хернс, Марвин Хаглер, Майк Тайсон, Оскар де Ла Хойя және одан да басқа көптеген атышулы боксшылар қатты ұнайды. Менің жүрегімде мәңгі қалады деп Мэнни Пакьяо мен Эрик Моралес және Марко Антонио Баррера арасындағы, сондай-ақ Оскар де Ла Хоя мен Шейн Мозли кездесулерін айта аламын. Оларды қанша қайталап көрсең де, жалықпайсың. Менің де басты мақсатым – жоғарыдағы боксшылардың қатарынан көріну. Жасыратыны жоқ – мен әрдайым олардың бокстағы техникасы мен стилін өзіме көшіріп алуға да тырысам. Ал 19 сәуір күні Хопкинке қарсы жекпе-жекте олардың маған үлкен көмегі тиеді деп үміттенемін",-деп жазады Шүменов сөзіне сілтеме жасаған gorodokboxing.com.
Ал Бернард Хопкинс болса осыған дейінгі мәлімдемесінде Шүменовке өзінің шындығында аңыз боксшы екенін дәлелдейтінін айтып ағынан жарылған еді. Егер америкалық боксшы осы кеште жеңіске жетіп жатса, онда ол бокс тарихындағы чемпиондық атақтарды біріктірген жекпе-жекте абсолютті чемпион атанған ең қарт боксшы деп танылады.
Чемпиондық атақтарды біріктіретін кездесу 19 сәуір күні АҚШ астанасы Вашингтонда өтеді. Оны бүкіләлемге америкалық Showtime арнасы тікелей эфирде ұсынбақ.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: kaz.tengrinews.kz