Шумахерді шаңғы шалды...

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Шумахерді шаңғы шалды...

Аты әлемге әйгілі неміс автошабандозы Михаэль Шумахер жексенбі күні аурухананың жан сақтау бөліміне түсті. Жеті дүркін әлем чемпионының жағдайы ауыр халде болып отыр.

БӨЛІСУ

Мерибельдегі (Франция) шаңғы тебу алаңында оқыс құлаған Шумахердің басы тасқа тиіп, бас бөлігіне зақым келген. Алғашында миы шайқалған деген диагноз қойылса, кейіннен бас сүйегінің бірнеше бөлігі сынғаны анықталған. Қазіргі таңда спортшының денсаулығын ми және арқа бөлігін зерттейтін институттың профессоры Жерар Сальян бақылауда.

Франция жеріндегі тау-шаңғысы шипажайына Михаэль Шумахер 14 жастағы ұлымен және бірнеше достарымен барған көрінеді. Оқиға кезінде автошабандоз кәсіпқой шаңғышылар ғана сырғанайтын тау бөлігімен төмен қарай зулаған. Құлаған сәтінде Шумахерді шлемі құтқарған...

Ал 44 жастағы спортшының жағдайы туралы дәрігерлер нақты ақпараттар беру ерте деп отыр. «Қазіргі таңда Шумахер ауыр халде. Басына өте қатты зақым келген. Біз қолдан келгеннің бәрі жасап жатырмыз. Егер құлау сәтінде басында шлем болмағанда, спортшы бұл дүниеде де болмайтын еді. Әзірге қайта ота жасау туралы нақты шешімге келе алмай отырмыз. Дегенмен Шумахер – спортшы, оның ағзасы бұл жарақатты жеңіп шығады деген үміттеміз», - деді дәрігерлер.

2012 жылы үлкен спортпен қоштасқан Михаэль Шумахер автожарыс тарихында өз атын ойып тұрып қалдырған тұлғалардың бірі. Ең ақыры оның есімі «ең жүйрік» деген мағынаға да ие болатын дәрежеге жетті. Әлемдегі аса қауіпті саналатын автожарыстарда бақ сынаған спортшы бұрын-соңды мұндай дәрежедегі жарақат алмаған екен. Дегенмен Шумахер шаңғыдан шалынды...

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: bbc.co.uk