Жамбыл облысы Шу ауданындағы Белбасар ауылында жаңа мәдени-спорттық кешен ашылды. Жалпы ауданы 2600-ден аса шаршы метр аумақты құрайтын заманауи кешен әлемдік стандарттарға сай салынған.
Ел игілігіне берілген кешен ауыл атымен "Белбасар" деп аталады. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Сауранбаевтар әулетінің демеушілігімен бой көтерген кешен облыстың 80 жылдығына орай пайдалануға беріліп отырған алғашқы нысан. Айтулы мерейтойға орай өңірде 80 нысанды ел игілігіне беру жоспарланған. Алдағы уақытта бірқатар мәдени-тарихи, әлеуметтік нысандар өз жұмысын бастайды.
"Белбасар" мәдени-спорттық орталығының іргетасы өткен жылы қаланып, қазығы қағылған. Құрылыс жұмыстарын мердігер "Шебер билд" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жобалық құны 500 миллион теңге болған. Онда бүгінде 50 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде.
Салтанатты шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Рүстем Дәулет қатысып, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың құттықтауын жеткізді. Сонымен бірге Хати Сауранбаев атындағы қайырымдылық қордың төрағасы Болат Сауранбаевқа "Облысқа сіңірген еңбегі үшін" төс белгісін табыс етті. Салтанатты шараға Серік Қонақбаев, Батыр Жүкембаев, Елдос Сметов, Бейбіт Ыстыбаев секілді спорт саңлақтары мен ел ағалары арнайы келді.
Өз кезегінде жоба жетекшісі, демеуші болған Болат Сауранбаев бұл нысан балалар мен жасөспірімдерге спортпен толыққанды айналысуға арналғанын, спорт – денсаулықты нығайтып қана қоймай, мінезді тәрбиелеу, тәртіп пен өзін-өзі жетілдіруге серпін беретінін жеткізді. Сонымен қатар, ол әрбір азамат өзінің туған елі мен жерінің көркеюуіне тамшыдай үлес қосып, дамуына атсалысуы перзенттік парыз екендіктерін айта кетті.
Екі қабатты ғимаратта шағын футбол, баскетбол, волейбол, бокс, күрес және жаттығу секциялары орналасқан. Сондай-ақ онда спортшылар мен кешен қонақтарына арналған асхана да бар. Төрт кабинет, мәжіліс залы да бар. 100 автокөлікке арналған көлік тұрағы жасалған. Кешеннің аумақтық орналасуы оның қызметтері аудан және Жамбыл облысының барлық тұрғындарына пайдалануға мүмкіндік береді.
Белбасар ауылы республикалық магистральды жолдардың қиылысында орналасқан. Тарихы да бай елдімекен. Ауылды көптеген жылдар бойы колхоз төрағасы Сауранбаев Хати басқарған. Ерен еңбегі мен өндірістегі жоғары көрсеткіштері үшін ол екі Еңбек Қызыл Ту орденімен және Социалистік Еңбек Ері атағы, Ленин орденімен марапатталған. Сауранбаев Хати басқарған кезде Белбасар колхозынан тоғыз адам Социалистік Еңбек Ері атағын алған. Сол тұста елдімекенде инфрақұрылым дамып, мәдениет сарайы, екі мектеп, балабақша, киноклуб, кітапхана, қоғамдық монша салынған. Бүгінде Хати Сауранбаевтың балалары мен немерелері ұрпақ жолын жалғауды парыз санап келеді.