Шорт-тректен Қазақстан ерлер мен әйелдер командасы қоржынға қос қола медаль салды. Нәтижесінде қола медальдар саны 16-ға жетті.
Әйелдер арасындағы 3000 метрлік эстафеталық сында қазақстандық шорт-трекші қыздар Ким Йонг А, Анастасия Крестова, Анита Нагай, Ольга Тихонова мен Мадина Жанбосынова үшінші болып мәре сызығын кесті. Алтын медальды кәріс қыздары еншіледі. Нәтижесінде Қазақстан мен Оңтүстік Корея құрамаларының медаль бойынша жүлделер саны теңесті.
Ерлер арасындағы 5000 метрлік эстафеталық сында қытайлық команданың жолы болды. Мәреге қарыс қадам қалғанда кәріс спортшысы Нұрберген Жұмағазиевке қарсы ереже бұзды. Нәтижесінде басты фаворит саналған қос құрама қарсыластарының алға озуына мүмкіндік сыйлады. Күміс ресейлік шорт-трекшілерге бұйырды. Қоланы отандастарымыз иеленді. Ал жарыс ережесін бұзған кәріс спортшыларының нәтижесі жоққа шығарылды.
Айта кетейік, ертең Универсиада ойындарының соңғы күні. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 11 алтын 7 күміс 16 қола медаль бар.