Шөгеннен Республикалық турнир өтті

Аслан Қажиев Корреспондент
Аслан Қажиев>
Шөгеннен Республикалық турнир өтті
Фото ©️ Аслан Қажиев

17-19 желтоқсан аралығында шөген спортынан Тәуелсіздік күніне арналған республикалық турнир өтті. Талғар ауданындағы «Almaty Horse & Polo Club» кешенінде өткен жарысқа «Astana Polo Club», «Almaty Polo Club», «Almaty Horse & Polo Club», «Әулие ата» және осы турнирде бірінші рет өнер көрсеткен «Tu’lpar Polo Club» командалары бақ сынады.

БӨЛІСУ

Сайыс басталмас бұрын Қазақстан шөген федерациясының вице президенті Сейсен Құранбек, «Almaty Horse & Polo Club» ат спорты кешенінің директоры Валерий Цаликов және «Astana Polo Club» командасының басшысы Айдын Жакежанов шөген спортының осы күнге дейінгі жетістіктері, болашақтағы жоспарлары, шөген спортының тарихы жайлы баяндады. Айдын мырза ойын басталысымен соңғы бәсекеге дейін, барлық ойында өзі төрелік етті. 

3 күнге созылған бәсекенің ақтық ойыны 19 желтоқсан күні өтті. Айналмалы жүйе бойынша жарысқа түскен шөгеншілер ұпай жинау үшін барын салды. Алғаш болып аренаға «Әулие ата» және «Almaty Horse & Polo Club» командалары шықты. Әулиеаталықтардың 3 чакер бойы жылдамдығына төтеп бере алмаған қарсылас топ жеңіліске ұшырап, ойынды 7:0 есебімен аяқтады. Одан әрі, кезек бойынша, әр топ реттілікпен бәсекені қыздырды. Ал, негізгі ойын еліміздегі ең тәжірибелі екі топтың арасында өтті. «Astana Polo Club» және «Almaty Polo Club» ойыншылары шөгеннен Қазақстан ұлттық құрамасының қатарына қосылған ойыншылармен танымал. «Көксарай» деп аталатын атқа міне шыққан Құрманбек Тұрғанбек бастаған астаналықтар биылғы ел чемпионатының чемпиондары. Осы жолы оларға еселерін жібермеуге бел байлаған алматылық команда 3:2 есебімен астаналықтардан басым түсті. Осылайша, жалпы ұпай саны бойынша, бірінші орынды «Almaty Polo Club» командасы иеленсе, «Astana Polo Club» ойыншылары жүлделі екінші орынға тұрақтады. Үшінші орынның жүлдесін командасына көп ұпай әперген Нұрдәулет Момыновтың «Әулие ата» шөгеншілері иеленді. Ұтысқа барлығы 1 000 000 теңге тігілді. Бірінші орынды иеленген топ 500 мың, екінші орынға 300 мың, және үштікке енген соңғы топқа 200 мың теңге табысталды.

Көшпенді бабаларымыздан тараған бұл спорт түрі Еуропаға, тіпті Оңтүстік Америкаға дейін жеткен. Ал, өз жерімізде жаугершілік заманның салдарынан бұл ойын ұмыт қалған екен. Қазір, қайтадан қолға алып, жандандырып жатқан уақыт. Қазақстан шөген федерациясының құрылғанына небәрі 5 жыл толса да, қазақ шөгеншілері әлемдік жарыстарда жүлделі болып үлгерді. 2017 жылдың жазғы маусымында Мюнхенде өткен жарыста ел намысын қорғауға аттанған Алматы және Астана шөген топтарының екеуі де жеңіс тұғырына көтерілді. Әлемдік бәсекеге қатыса сала жеңіске жеткен қазақстандықтарға Еуропа жұрты таңданыспен қарады. Әсіресе, қазақ жігіттерінің атқа міну шеберліктері, тақымдарының беріктігі Мюнхендіктерді қайран қалдырды.
 
Қазақстандағы «Шөген», шет елдерде «Поло» деп аталады. Аргентина жігіттері бұл спорт түрінен алдына жан салмайды. Сол себепті, көптеген елдің ұлттық құрамалары аргентиналық лигиянерлермен толыққан. Ал, біздің еліміздегі шөгеншілер тек қазақ жігіттерінен жасақталған. Көбіне, көкпарда оқ бойы озық жүрген азаматтар шөгеннің дамуына атсалысып жүр. Сонымен қатар, шөген ойнау үшін төзім мен жылдамдыққа еркін шаба алатын қолтума қазақы жылқылар бапталуда.