Шавкат Рахмонов Азия ойындарында Қазақстан құрамасына орала ма?

Айжан Бақдаулет Корреспондент
Айжан Бақдаулет>
Шавкат Рахмонов Азия ойындарында Қазақстан құрамасына орала ма?
Фото ©️ elordainfo.kz

2026 жылы Азия ойындарында алғаш рет аралас жекпе-жек (MMA) жарыстары өтеді. Бұл жарыстарға кәсіби спортшылардың қатысуы мүмкін бе?  Massaget.kz тілшісі Қазақстан құрамасының бұл бәсекеге дайындығы жайлы анықтады.

БӨЛІСУ

Азия ойындарындағы MMA ережелері қандай?

Жарыста алты салмақ дәрежесі бойынша медальдар сарапқа салынады:

Ерлер:Қазіргі заманғы стиль – 60 кг, 71 кг
Дәстүрлі стиль – 65 кг, 77 кг
Әйелдер: Дәстүрлі стиль – 54 кг
Қазіргі заманғы стиль – 60 кг
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Баян Жанғаловтың айтуынша, дәстүрлі стиль шығыс жекпе-жектеріне жақынырақ, онда спортшылар кимоноға ұқсас форма киеді. Ал қазіргі заманғы MMA – рашгард пен шорт киілетін, бүгінгі кәсіби жекпе-жектерге ұқсас формат.

Кәсіби спортшылар құраманы күшейте ала ма?

Баян Жанғаловтың айтуынша, қазіргі ережелерге сәйкес, бұрын кәсіби деңгейде өнер көрсеткен спортшылар да Азия ойындарындағы әуесқойлар жарысына қатыса алады. Алайда бұл елдегі MMA дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін.

"Егер Шавкат Рахмонов секілді UFC жұлдызы Азия ойындарына қатысса, бұл жас спортшылардың мотивациясын төмендетуі мүмкін. Біз кәсіби спортшылардың лига деңгейінде өнер көрсеткенін дұрыс деп санаймыз. Оның үстіне, кәсіби файтерлер қайтадан ұлттық чемпионаттан бастап іріктеуден өтуі керек, бұл олардың қызығушылығын төмендетуі мүмкін", – деді Жанғалов.

Шавкат Рахмонов ұлттық құрамаға қайта орала ма?

Рахмонов қазіргі уақытта UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеуіне таласатын деңгейде. Ол 2013 жылы Қазақстан құрамасының сапында әуесқой MMA бойынша әлем чемпионы атанған. Бірақ оның қазіргі салмақ дәрежесі – 77 кг – Азия ойындарының бағдарламасында жоқ. Сондықтан да, оның бұл жарысқа қатысу ықтималдығы өте төмен.

Ал Қазақстанның 60 кг салмақтағы UFC файтерлері Асу Алмабаев пен Бекзат Алмахан Азия ойындарына қатысуға мүмкіндік алуы мүмкін. Бірақ олардың да бұл жарысқа қатысу-қатыспауы уақыт еншісінде. Қазақстан құрамасы Азия ойындарында медаль үшін таласуға әлеуетті үміткерлердің бірі. Бірақ кәсіби спортшылардың бұл жарысқа қатысуы MMA дамуына қалай әсер ететіні әлі де талқыланатын мәселе.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!