23-29 наурыз аралығында Қытайдың Шанхай қаласында мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты басталады. Әлемнің кіл мықты деген мәнерлеп сырғанаушылары бақ сынайтын бұл бәсекеде Қазақстанның намысын тек Денис Тен ғана қорғайтын болды, деп жазады «Алаш айнасы» интернет-порталы.
Спорт тарихына көз жүгіртсек, мәнерлеп сырғанаушылар арасындағы әлем чемпионаты 1896 жылдан бері қарай ұйымдастарылып келеді. Осы уақытқа дейін бұл турнир Еуропа мен Солтүстік Америка құрлығында көп өтті. Ал, Азия аймағынан тек Жапония ғана қабылдаған болатын. Енді бұл бәсекені өткізу мәртебесі Қытайға бұйырып отыр.
23-29 наурыз арасында Қытайдың Шанхай қаласындағы «Шығыс» спорт кешені мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатын қабылдайды. Әлем чемпионатында ерлер мен әйелдердің сайысы, жұптық бәсеке және спорттық биден жүлделер сарапқа салынады.
Әуелде бұл біріншілікте Қазақстанның намысын қос өреніміз – Денис Тен мен Абзал Рақымғалиев қорғайды деген мәлімет шыққан болатын. Бірақ, бүгін мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының бас бапкері Құралай Ұзұрова Шанхайда ел намысын тек Денис Тен қорғайтынын мәлімдеді.
— Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында Қазақстанның намысын тек Денис Тен ғана қорғайды. Сонымен қатар Шанхайға Денистің бас бапкері Фрэнк Кэрролл мен халықаралық дәрежедегі төреші Юрий Гуськов барады. Өткен жылы Жапонияның Сайтама қаласында өткен әлем біріншілігіне Денис қатыспай, Қазақстан біршама рейтингтік ұпайдан айырылды. Сондықтан да бұл біріншілікке біз тек бір ғана спортшы қатыстыруға құқылымыз. Осы мәселеге байланысты Абзал Рақымғалиев Қытайда өнер көрсете алмайды, - дейді Құралай Ұзұрова отандық порталдардың біріне берген сұхбатында.
Хош, енді біз әлем біріншілігінде отандастарымыздан тек Теннің ғана өнерін тамашалайтын боламыз. Денис осал спортшы емес. Теннің бір өзі Қазақстан құрамасының қоржынына жүлде салуы әбден ықтимал. Оның үстіне отандасымыз әлем біріншілігіне талай мәрте қатысып, 2013 жылы Канаданың Лондон қаласында өткен әлем біріншілігінде күміс жүлде еншілеген еді.
Екі жыл бұрын жерлесіміз тек канадалық Патрик Чанға есе жіберіп қойған болатын. Бірақ, бұл жолы Патрик әлем біріншілігіне қатыспайды екен. Есесіне, Шанхайда Сочиде өткен Олимпиада ойындарының жеңімпазы Юдзуру Ханю қатысуға ниет білдіріпті. Одан бөлек, испандық Хавьер Эрнандес пен тағы бір жапон жігіті Даусукэ Такахаси, ресейдің екі бірдей өрені Максим Ковтун мен Сергей Воронов бар. Бірақ, негізгі тартыс Денис Тен мен Юдзуру Ханю арасында жүретін шығар. Десек те, әліптің артын бағайық.
Автор: Уалихан Қосанбай
сурет: massaget.kz