Жаңа ғана Швейцарияның Ньон қаласында Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінің жеребесі тартылды. Ел намысын қорғап келе жатқан «Шахтердың» қарсыласы шотландиялық «Селтик» командасы болды.
Чемпиондар лигасында сәтті ойын өрнегін көрсетіп келе жатқан қарағандылық «Шахтер» командасы шотландиялық «Селтик» командасымен кездеседі. «Кеншілер» үшін алғашқы кездесу 20-21 тамызда Астанада, ал қарымта кездесу араға бір апта салып Шотландияда болады.
Шотландиялық команданың 25 футболшысы 56 525 000 еуроға бағаланса, ал "Шахтер" ойыншыларының бағасы 4 950 000 еуроны құрап отыр. Оның ішінде "Селтиктің" 17 ойыншысы, "кеншілер" командасының 10 футболшысы легионерлер болып табылады.
"Селтик" сапындағы ең қымбат ойыншы - жартылай қорғаушы Скотт Браун. Оның жалғыз өзінің бағасы қарағандылық ұжым ойыншыларының бағасынан 550 000 еуроға көп болып отыр. Сонымен қатар клуб құрамындағы қымбат футболшылардың қатарына ағылшын Фрейзер Форстер (4 000 000 еуро), қорғаушы Эмилио Исагирре (4 500 000 еуро) және грек шабуылшысы Йоргос Самарас (4 250 000 еуро) жатады.
Естеріңізде болса, "Селтик" 2012/2013 Чемпиондар лигасында каталондық "Барселонамен" бір топта өнер көрсеткен болатын. 1/8 финалға жеткен команда, қос кездесу нәтижесі бойынша туриндік "Ювентустан" 5:0 есебімен жеңіліп, жарыс жолын аяқтаған-ды.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: alaman.kz, sports.kz