Футболдан Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде қарағандылық "Шахтердың" қарсыласы атанған "Селтик" ағылшынның әйгілі "Ливерпуль" командасын жеңді. Осылайша шотландиялық ұжым дайындықтарын шыңдай түсуде.
"Селтик" пен "Ливерпуль" арасындағы жолдастық кездесу Ирландияның Дублин қаласындағы "Авива Стэдиум" алаңында өтті. Кездесудегі "Селтик" сапынан жеңіс голын салған команданың португалдық ойыншысы Амидо Бальде болды. Ол 12 минутта мергендігімен танылды. 55 минутта "Ливерпуль" қорғаушысы Коло Туре гол соққан болатын. Алайда төрешілер футболшының ойыннан тыс қалғанын назарға алып, голды есептемеді.
Естеріңізге сала кететін болсақ, Владимир Кумыков шәкірттері мен "Селтик" арасындағы кездесу 20 тамыз күні Астанада өтеді. Оған дейін шотландиялық ұжым 17 тамыз күні ішкі біріншілігінің алғашқы турында "Абердин" командасымен кездеседі. Сонымен қатар "Селтик" сапында бірнеше футболшы Қазақстанға келмейтін болып отыр. Олар Чарли Малгрю мен команданың грек шабуылшысы Георгиос Самарас. Самарас демалыста болса, Чарли денсаулығына байланысты алаңға шыға алмайды. Бұл туралы клубтың бас бапкері Нил Леннон хабарлап отыр.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: www.liverpoolfc.ru