«Астана-Арена» стадионында өткен ҚР Кубогы финалындағы шешуші голды Сергей Хижниченко соқты.
Алғашқы минуттарда қарағандылық «Шахтер» кездесу тізгінін қолға алуға ұмтылғандай болған. Кейіннен «Тараздың» ойын жүйесі оңала түсті. Миролав Лечич те тамаша бір мүмкіндік болған. Алайда нәтижеге айналдыра алмады. Виктор Кумыков шәкірттері доп ұстау басымдығын иеленгенмен, Еуропа Лигасындағы кездесулеріндей көзге түсе алмауда. Команда сапында негізгі құрамда алаңға шықпаған Геворг Казарянның орны ойсырап тұрғандай. Алғашқы тайм қорытындысы бойынша екі команда қақпасының алдында да аса қауіпті сәттер орын ала қойған жоқ. Есеп 0:0.
Екінші таймды қос ұжым да ширақ бастады. 53 минутта Александр Симчевичтің тамаша пасын шабуылшы Сергей Хижниченко нәтижеге айналдыра білді. Бұл сәтте "Тараз" қақпашысы Рамиль Нұрмұхаметов дәрменсіз еді. "Кеншілер" ұжымы қарсыласына басымдығын айқын таныта түсті. Cоңғы сәттерде "Тараз" есепті теңестіруге бар күшін сала ұмтылып, есеп теңестіруге мүмкіндік алғанымен, пайдалана алмады. Сонымен 1:0 есебімен жеңіске жеткен қарағандылық "Шахтер" - 2013 жылғы Қазақстан Республикасы Кубогының жеңімпазы! Келер жылы тағы да Еуропа Лигасында ел намысын қорғайтын болады. Кубокқа қарағандылық команда алғаш рет қол жеткізіп отыр.
Кездесудегі статистика:
Доп ұстау басымдығы: 48% — 52%
Қақпаға соққы: 7 — 17
Қақпаға дәл соққы: 1 — 5
Ереже бұзу: 10 — 10
Офсайд: 2 — 3
Бұрыштама добы: 8 — 11
Сары қағаз: 2 — 2
Ойыншы алмасу: 3 — 2.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vesti.kz