ММА спорты түрінен Қапшағайда өткен «RPAP Vol.2» ірі халықаралық турнирдің басты жекпе-жегінде отандасымыз Шахмарал Жетпісов қырғыз спортшысы Тілек Жээнбековтан жеңіліп қалды.
Әйгілі Джефф Монсонды жеңген «Шаханның» (Шахмарал Жетпісов) қырғыз спортшысына шамасы жетпеді. Жекпе-жек бірінші раундта аяқталды. Тілектің екі бірдей жойқын соққысы қазақстандық ММА шеберін тізерлетіп тұрғызды. Ал жерге жығылған сәттен бастап, орнынан көтеріле алмады.
Қапшағайдағы «Royal Plaza» ойын-сауық орталығында барлығы 10 жекпе-жек өтті. Ендеше өзге жекпе-жектерге де тоқтала отырайық.
61 келіге дейінгі салмақта қазақстандық Жалғас Жұмағұлов ресейлік Вартан Асатряннан техникалық нокаутпен жеңілсе, Темірлан Айсаділов та ресейлік Виктор Кичигинге қарсылық көрсете алмай ұтылды.
66 келіге дейінгі салмақта қазақстандық Руслан Серікпұлов өзбекстандық Миршох Самиевті екінші минутта ерекше әдіспен жеңді.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде «Арыстан» деген лақап атпен өнер көрсететін Ерлан Тілеуімбетов тәжікстандық қарсыласы Абдулла Асламовты аяғының жойқын соққысымен есінен тандырды. Ал осы салмақтағы ел намысын қорғаған тағы ММА шебері Нариман Мұсаев ресейлік Евгений Присмаковқа ұпай айырмашылығымен есе жіберді.
77 келі салмақта екі бірдей қазақстандық спортшы Жандос Исабеков пен Мұхаммед Әбдіралиев тәжікстандық және қырғызстандық қатысушыларды оңай жеңді. Ал Эльшан Мұхтаров болса өзбекстандық Нұрсұлтан Рузибоевқа ұтылды.
Аса ауыр салмақта жекпе-жекке шыққан тәжікстандық ММА шебері Әмин Эргашев өзінен 20 келі салмағы басым грузин Григор Ткемеладзені оңай жеңіп шықты.
Айта кетейік, Қапшағайда өткен ММА жекпе-жектерін «Алматы» мен ресейлік «Боец» телеарналары, және vesti.kz сайты тікелей эфирде таратты.
Cурет: vesti.kz