Футболдан Еуропа лигасын Испанияның «Севилья» клубы екінші жыл қатарынан жеңіп алды. Унай Эмери жаттықтыратын ұжым финалда Украинаның «Днепр» клубын ұтты.
Польша астанасы Варшавада өткен финалдық кездесу нағыз тартысқа толы болды. Кездесудің 7 минутында Никола Калинич ойда-жоқта «Днепрді» алға шығарды. Десе де 28 минутта Гжегож Крыховяк таразы басын теңестірді. Араға 3 минут сала Карлос Бакка «Севильяға» 2:1 есебімен басымдық сыйлады. Бірінші тайм аяқталар тұста Руслан Ротань айып соққысын тамаша орындап, есепті қайта теңестірді. Екінші таймда Карлос Бакка дубль авторы атанып, командасына жеңіс сыйлаған голды соқты.
Финалдық кездесудің 87 минутында «Днепр» ойыншысы Лиете Матеус алаңда есінен танып, дәрігерлер көмегіне жүгінді. Әзірге клуб басшылығы бразилиялық легионердің денсаулығына байланысты нақты мәлімдеме жасаған жоқ.
Айта кетейік, «Севилья» футбол клубы өз тарихында Еуропа лигасын төртінші рет жеңіп алды. Сонымен қатар, биыл өз атақтарын абыроймен қорғап қалды.