Astana Arlans командасының сапы жыл сайын күшейіп келеді. Былтырғы маусымда спортсүйер қауым астаналық команданың сапынан Абдельхафид Бенчабла, Олександр Гвоздик сынды бокс әлемінің ең мықты саңлақтарының өнерін тамашалаған болатын. Үстіміздегі жылы да «Арландар» сапын Константин Снигур, Хрвоже Сеп, Сергей Деревянченко, Леонид Мальков, Филип Хргович сынды толағайлар толықтырды.
Жоғарыда санамалап өткен боксшылардың барлығының дерлік жетістіктері бір басынан асып түседі. Дегенмен жетістіктері жағынан да, тәжірибесі жағынан да бұл ретте біздің команданың сапынан Сергей Деревянченкодан асып түсетін ешкім жоқ шығар, сірә! WSB сериясының екі мәрте жекелей сынындағы жеңімпазымен жолығып, сұхбаттасудың орайы түсті.
«Барлық жарыстарда, мейлі әлем біріншілігі болсын, Еуропа біріншілігі болсын мен Руслан Мырсатев пен Ержан Мүсәпіровты көріп жүргенмін. Бірақ расы керек, ешқашанда бұл жігіттермен бір командада өнер көрсетімін деп ойламаппын. Бұл мен үшін күтпеген сыйлық болды деуге де болады» - деп Сергей әңгімесін бастады
- Astana Arlans командасынан басқа қандай команда сізді шақырды?
- Бірнеше командалардан ұсыныс түсті. Дегенмен ол ұжымдармен тыңғылықты отырып сөйлесе алмадық. Astana Arlans командасының басшылары менің көңілімнен шығатын ұсыныс жасады. Сонымен қатар, менің бұл командаға ауысуыма жанкүйерлердің ықпалы зор әсер етті. Мен былтыр Астанада Қанат Исламмен жұдырық түйістіргенде спорт кешеніне жиналған жанкүйерлердің қолдағаны қатты ұнады. Сондықтан да мен ат басын Қазақстанға бұрдым.
- Егер құпия болмаса, сізге нақты қандай командалар ұсыныс тастады?
- Ресейлік және Үндістан елінің командалары нақты ұсыныс жасаған болатын. Ал қалғандары тек құрғақ уәде күйінде қалды.
- Ал Украинада WSB сериясында өнер көрсететін команда шығарамыз деп жоспарламады ма?
- Украинада да тек құрғақ сөзбен жоспарланды. Отанымызда қалумызды сұрады. Жаңа команда құрамыз деп уәде берді. Бірақ мені уәде емес нақытылық қызықтырады. Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Оның үстіне, қос мемелекетті ортақтастыратын нәрселер өте көп. Қарым-қатынас жасау да мұнда қиын емес.
- Сергей, Олимпиада ойындары туралы айтып берсеңіз. Лонданда өткен ХХХ жазғы ойындарға бару үшін сіз де жолдама алған болатынсыз. Дегенмен «Тұманды Альбионға» Украина елінен сіздің салмағыңызда сіз емес, басқа боксшы барды ғой?
- Өткен іс өтті ғой. Бұл жайында мен әңгіме қозғағым келмейді. Бұл оқиға тарихтың қойнауына кетті.
- «Арландар» осы маусымда Бүкіләлемдік бокс сериясында екі жыл бағынбаған шыңды бағындыра алады ма?
- Дәл қазіргі таңдағы басқа командалардың шама-шарқына қарасақ, "Astana Arlans" бұл маусымда топ жарады деуге толық негіз бар. Жаттығу жиынмыз өте жақсы өтуде. Жігіттер де топ жаруға құштарланып тұр. Сонымен қатар, біздің бапкерлеріміз де білікті. Бұл маусымда біз сәтті өнер көрсетуге тиістіміз.
- Әңгімеңізге рахмет!
Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ
Сурет: astanaarlans.com