Америкалық теннисші Серена Уильямс спорттық мансабында «Үлкен дулыға» санатындағы «Australian Open» халықаралық турнирін алтыншы рет жеңіп алды. Ол финалда ресейлік Мария Шараповадан басым түсті.
Қазақстандық теннисші Зарина Диасты жарыс жолынан шығарған ресейлік теннисші басты қарсыласына 16-шы рет қатарынан жеңіліп отыр. Яғни, соңғы он жылдан аса уақыт ішінде Мария Серенаны жеңе алмаған.
Әлем жұртшылығы көз тіккен доданың финалы тартысты өтті. Бірінші сетте Серена Уильямс 6:3 есебімен айқын жеңіске жетті. Ал екінші сетте барын салған Мария Шарапова соңғы сәтке дейін жеңілмей келді. Бірақ, тай-брейкте америкалық теннисші ойынына тағы адуын қосып, жеңіске жете білді. 33 жастағы Серена «Australian Open» турнирін 2001, 2003, 2007, 2009 және 2010 жылдары жеңіп алған. Ал «Үлкен дулыға» санатына жататын додалардағы 19-шы ірі жеңісі екен.
Айта кетейік, Серена Уильямс пен Мария Шарапова қазіргі таңда WTA рейтингінде бірінші және екінші орындарға орналасқан. Ертең ерлер арасындағы финал өтеді. Серб Новак Джокович пен британдық Энди Маррей чемпиондық атақты сарапқа салатын болады.
Жалпы, Мельбурнда өтіп жатқан теннис турнирі бюджеті жағынан әлемдегі ең жоғарғы бәсекелердің бірі. Ресми сайты таратқан ақпарат бойынша, биыл бұл бәсекенің жалпы бюджеті 40 000 000 АҚШ доллары болған. Ал жарысқа барлығы 256 теннисші қатысқан. Оның тең жартысы ерлер болса, жартысы әйелдер.
Жеңімпаз атанған спортшы 14 398 000 АҚШ долларын иеленеді. Жұптық сында үздік шыққан спортшылар 5 165 200, ал миксте (аралас жұп) мықты шыққан теннисшілер 480 000 АҚШ долларын алады. Ал үшінші айналымға дейін жеткен отандасымыз Зарина Диас 100 мың АҚШ доллары көлемінде табысқа кенелді.
Сурет: ausopen.com