Сауд Арабиясында әйелдерге қатысты тыйым салынған кей ережелер мен заңнамалар өзгертіле бастады. Алдағы жұмадан бастап елде әйелдердің стадионға келіп, футбол көрулеріне рұқсат беріледі. Бұл туралы Arabian Business басылымы хабарлады.
Жаңа ережеге сәйкес, стадионда әйелдер отыратын арнайы сектор болады. Сондай-ақ билеттері де жеке сатылады.
Осыған дейін Сауд Арабиясында әйелдерге тыйым салынған біршама ережелер өзгертілген еді. Солардың бірі – әйелдерге көлік айдауға рұқсат берілуі.
Әйелдерге көлік айдауға рұқсат берілген ереже 2018 жылдың шілде айында заңды күшіне енеді. Оған дейін елдің ішкі істер министрлігі, қаржы, еңбек және әлеуметтік даму орталықтары жаңа Заң аясындағы кей ережелер мен жұмыстарды толықтыратын болады.
Сауд Арабиясы әйелдерге көлік айдауға тыйым салған әлемдегі жалғыз ел болатын. Осыған дейін елде көлік тізгіндеген әйелдерді қамауға алып, айыппұлдар салып келген.
2017 жылдың қыркүйек айынан бастап бұл елде "WhatsApp" пен "Skype" мессенджерлерін қолдануға рұқсат бергені жайлы хабарланған еді. Ал маусым айынан бастап елде қыздарға дене шынықтыру сабағына қатысуға болатыны жайлы Заң өз күшіне енген болатын. Осыған дейін елде қыздарға дене шынықтыру сабағына қатысуға тыйым салынып келген.