Самбоның спорттық және қоян-қолтық ұрыс түрлері бойынша Алматыда өткен Әлем Кубогында Қазақстан құрама командасы жалпыкомандалық есеп бойынша екінші орынды иеленді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Жарыс қорытындысы бойынша, қазақтандық спортшылар самбоның спорттық (ерлер, әйелдер) және қоян-қолтық ұрыс түрлері бойынша (ерлер) алты бірдей алтын медальды қанжығаларына байлады. Сонымен турнир жеңімпаздары болып келесі спортшылар танылды: Бейімбет Қанжалов (52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде), Ерболат Байбатыров (57 келіге дейінгі салмақта), Арман Оспанов (68 келіге дейінгі салмақта), Бағдат Жарылғасов (62 келіге дейінгі салмақта) және Асылбек Әлкей (74 келіге дейінгі салмақта). Аталғандардың барлығы спорттық самбодан медаль олжалағандар. Әйелдер арасындағы сында Гаухар Тұрнахановаға (52 келіге дейінгі) тең келетін қарсылас табылмады.
Ал жалпы есепте ресейлік самбошылар жеңіске жетті. Олар жалпы саны 22 салмақ дәрежесінің 11-інде алтыннан алқа тағынды. Үшінші орын екі алтын еншілеген беларустік спортшыларға бұйырды.
Төрешілердің шешімімен "Жарыстың үздік спортшысы" болып қазақстандық Ерболат Байбатыров танылып, Hyundai Accent автокөлігінің кілтіне ие болды. Сондай-ақ тағы да бір отандасымыз Арман Оспановқа Қазақстанның Самбо Федерациясы тағайындаған «Техникалық жағынан шебер» деген жүлдемен қоса, 3000 АҚШ доллары табысталды. Ресейлік Сергей Кирюхин «Жеңіске деген жігерлігі үшін», ал беларус Андрей Козюсенок «Турнирдің жаңалығы» жүлделеріне ие болды.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: Ed G