Футболдан Павлодардың «Ертіс» клубының капитаны, ұлттық құрама қорғаушысы Самат Смақов Серік Жейлітбаев атындағы жүлдемен марапатталды. Бұл туралы Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының ресми сайты хабарлап отыр.
Премьер-лигада ең көп ойын өткізген футболшыларға берілетін бұл жүлдені Самат Смақовқа Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының төрағасы Бағлан Ергешов табыстады. Жүлде 2014 жылы тағайындалған. Өткен маусымда бұл жүлдеден семейлік «Спартак» ойыншысы Максим Самченко да үмітті болатын. Бірақ, маусым ортасына қарай ғана клубқа қосылған ойыншыға ережеге сәйкес жүлде берілмеді.
Самат Смақовтың ресми 390 ойынға шығуы - премьер-лигадағы рекорд емес. Қостанайдың «Тобыл» клубының капитаны Нұрбол Жұмасқалиев енді бір тур алаңға шығар болса, Серік Жейлітбаевтың рекордын (премьер-лигада ең көп ойын өткізген футболшы, 457 ойын) жаңартатын болады.
Ел премьер-лигасында ең көп өнер көрсеткен ойыншылар:
1-2. Серік Жейлітбаев — 457;
1-2. Нұрбол Жұмасқалиев — 457;
3. Руслан Гумар — 424;
4. Данияр Мұқанов — 418;
5. Максим Самченко — 417;
6. Ерлан Елеусінов — 398;
7. Нұркен Мазбаев — 397.
Премьер-лигада әлі мансабын аяқтамай, ең көп кездесуге шыққан ойыншылар:
1. Нұрбол Жұмасқалиев («Тобыл») — 457;
2. Самат Смақов («Ертіс») — 390;
3. Қайрат Әшірбеков («Ордабасы») — 366;
4. Мұрат Тлешев («Атырау») — 364;
5. Қайрат Нұрдәулетов («Астана») — 357;
6. Игорь Юрин («Тобыл») — 340.
Айта кетейік, отандық футбол тарихының үздік ойыншыларының бірі Серік Жейлітбаев 2013 жылы 38 жасқа қараған шағында дүниеден озған болатын.
Сурет: kpfl.kz