Футболдан қазақстан ұлттық құрамасы мен «Қайрат» командасының жартылай қорғаушысы Самат Смақов клубпен келісімшартын үзетінін мәлімдеді. Бірақ, қазір емес.
Айта кетейік, алматылық клуб «Астанадан» 5:1 есебімен жеңілгеннен кейін команда басшылығы бес бірдей футболшысын маусым соңына дейін шеттеткен болатын. Солардың қатарында Самат Смақов та бар еді.
- Мен маусым аяғында «Қайратпен» келісімшартты үзетінім рас. Әзірге үзген жоқпын. Әлі шешілетін біраз мәселелер бар. Ал командадан кетуімнің себебін уақыты келгенде айтатын боламын. Әріптестерім туралы да ештеңе айта алмаймын, - деді футболшы.
Ал алматылық клуб басшылығы осыған дейін капитан қызметін атқарып келген Самат Смақовпен келісімшартты бұзу мәселесін қарастырып отырған жоқ екен.
Қазіргі таңда премьер-лигадағы клубтар ойыншыларымен келісімшарт мәселесін қарауда. Тағы бір «Қайрат» командасының ойыншысы Зауырбек Плиев Ресейден команда іздегелі жатыр. «Ақтөбе» командасы да армениялық футболшылар Данило Неко, Маркос Пизеллимен келісімшартын ұзартты. Роберт Арзуманян болса, ресейлік «Амкар» сапына ауыспақ. Оның келісімшарт мерзімі 2,5 жылды құрап отыр.
Айта кетейік, ел премьер-лигасының ХХХІ тур ойындары 1 қараша күні өтеді.
Сурет: pfl.kz