Сағадат Рахманқұлов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 16 ақпанда өткізеді

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Сағадат Рахманқұлов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 16 ақпанда өткізеді
Фото ©️ Vesti.kz

Қазақстандық боксшы Сағадат Рахманқұлов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегіне 16 ақпанда шығады. Қарсыласы – америкалық Ноэль Эскеда (10-2-2, 6 КО), - деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

БӨЛІСУ

Сағадат Рахманқұлов шаршы алаңға шығатын бокс кеші АҚШ-тың Рино қаласында өтеді. Салмақ дәрежесі мен қанша раундқа созылатыны туралы хабарланған жоқ. Алғашқы жекпе-жектер көбіне төрт раундқа созылады.

Қазақстандық боксшы әуесқой бокста 69 келіге дейінгі салмақта бақ сынады. 2013 жылы ел чемпионатында топ жарды. 2014 жылы күміс жүлдегер атанды.

 

Құрметті ағайын, кәсіпқой бокстағы бірінші қарсыласым анықталды. Бұйырса, Ноэль Эскуэдо деген америкалық боксшы. Кәсіпқой бокста 14 кездесу өткізіп, тек екеуінде ғана жеңіліпті. Статистикасынан-ақ көруге болады, мықты боксшы. Дегенмен де мен бұл кездесуге жақсылап дайындалып жатырмын. Бұйырса, сенімдеріңізді ақтап, жеңіске жетемін. Жекпе-жек 16 ақпан күні Невада штатының Рено қаласында өтеді. Сәттілік тілеп қойыңыздар, ағайын!

Публикация от Rakhmankul Sagadat (@rakhmankulsagadat)Янв 15, 2018 at 10:23 PST

Сағадаттың кәсіпқой бокстағы алғашқы қарсыласы жайлы аз-кем айта кетер болсақ, америкалық боксшы осал емес. 2010 жылдан бері кәсіпқой бокста 14 жекпе-жек өткізген. 10 рет жеңіске жетіп, 2 рет жеңілген. 2 кездесуінде қарсыласымен тең түскен.

Ноэль Эскеданың жарқын жетістігінің бірі – отандасы Де Лориен Каравейді жеңген. Ал бұл боксшы бірінші жартылай орта салмақта абсолютті әлем чемпионы Теренс Кроуфордтың спарринг қарсыласы болған.

Ринодағы бокс кешін Top Rank промоутерлік компаниясы ұйымдастырып отыр. Боб Арум басшылығындағы бұл компанияда қазір Василий Ломаченко (9-1, 7 КО) мен Мэнни Пакьяо (59-7-2, 38 КО) сынды боксшылар бар.