Садриддин Ахмедов кәсіпқой бокстағы алғашқы қарсыласын 31 секундта нокаутқа түсірді

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Садриддин Ахмедов кәсіпқой бокстағы алғашқы қарсыласын 31 секундта нокаутқа түсірді
Фото ©️ Eye of the Tiger Managament

Қазақстандық боксшы, жастар арасында әлем чемпионы атағына ие Садриддин Ахмедов кәсіпқой бокстағы қадамын сәтті бастады. Канаданың Квебек қаласында өткен бокс кешінде қарсыласын 31 секундта жеңіп шықты.

БӨЛІСУ

Садриддин бірінші орта салмақта мексикалық боксшы Тони Баррераспен жұдырықтасты. Бастапқыда Вальдо Рохас есімді боксшымен кездесуі керек болған. Кейіннен қарсыласы ауысқан-ды. Қазақстандық боксшыға қарсыласын жеңу үшін 31 секундтың өзі жеткілікті болды.

Садриддин Ахмедов 2016 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанды. Қазақстан құрамасы сапында талай халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінді. Кейіннен кәсіпқой боксқа ауысып, таяуда ғана Канаданың Eye of the Tiger Managament промоутерлік компаниясымен келісімшартқа қол қойды. Бұл компанияда Садриддиннен өзге Батыр Жүкембаев,  Абылайхан Хұсайнов және Нұрзат Сабыров сынды боксшылар бар.

Квебектегі бокс кешінде Нұрзат Сабыров та шаршы алаңға шықты. Жартылай ауыр салмақта жұдырықтасқан отандасымыз чех боксшысы Станислав Эшнерді төртінші раундта нокаутпен жеңді. Бұл – қазақстандық боксшының кәсіпқой бокстағы бесінші жеңісі. Барлық қарсыластарын уақытынан бұрын жеңіп келеді.