Қазақстандық кәсіпқой боксшы, бірінші орта салмақта WBC нұсқасы бойынша жастар арасында әлем чемпионы атағына ие Садриддин Ахмедов кезекті жеңісіне қол жеткізді. Отандасымыз Канада жерінде өткен бокс кешінде мексикалық боксшы Даниэль Вега Котаны бірінші раундта-ақ ұтып шықты.
Бокс кеші Тетфор Минедегі "Дежарден" стадионында өтті. Екі боксшы бірінші орта салмақ дәрежесінде жұдырықтасты. Жұдырықтасты деген аты болмаса, қарсыласы қазақстандық боксшыға қарсы қауқар таныта алған жоқ. Төреші белгі беруі сол-ақ екен, Садриддин қарсыласын соққының астына алды. Бірінші нокдаун...
Екінші нокдаун да көп күттірмеді. Қазақстандық боксшының сериялы соққыларынан кейін төреші екінші рет жекпе-жекті тоқтатты. Даниэль Вега Кота үшінші рет соққының астында ес жия алмағаннан кейін, шаршы алаңдағы шайқас жалғасқан жоқ. Садриддин айқын басымдық танытып, 8 раундқа жоспарланған жекпе-жекте уақытынан бұрын жеңіске жетті.
Садриддин Ахмедов кәсіпқой бокстағы тоғызыншы жекпе-жегіне қол жеткізді. Оның сегізінде уақытынан бұрын жеңіске жеткен. Ал қарсыласы болса шаршы алаңда төртінші рет жеңілді. Он төрт жеңісі мен бір рет тең түскен кездесуі бар.
Айта кетейік, Канада жерінде өткен бокс кешінде тағы екі бірдей қазақстандық боксшы шаршы алаңға шықты. Нұрзат Сабыров мажар елінің боксшысы Ласло Тотты екінші раундта нокаутпен ұтты. Ал Аман Қазанғапов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегінде мексикалық Исмаэль Мореномен тең түсті.