17 жастағы қазақстандық волейболшы Сәбина Алтынбекова Тайпейде өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатындағы қатысушылар арасында ең сұлу спортшы атанып, көрермен көзайымына айналып отыр. Бұл туралы Қытайдың ақпарат құралдары жарыса жазуда.
Жарыс ұйымдастырушыларының өзі бәсеке соңына дейін жетпесе де Сәбинаның біріншіліктің ең сұлу спортшысы атанарына шүбә келтірмеуде. Қазіргі таңда қазақстандық аруға жергілікті жанкүйерлер ерекше құрмет көрсетіп жатса, әлеуметтік желілерде волейболшы аруға достық хабарламасын жіберушілердің саны сағат сайын артып отыр екен. Дәл қазіргі уақытта жас спортшының "Instagram" желісіндегі достарының саны артып, еліміздегі танымал спортшылардың рейтингінің көшін бастады.
Еліміздің жасөспірімдер құрамасында 20-шы нөмірмен өнер көрсететін арудың бойы 182 сантиметрді құрайды. Үш жылдан бері осы волейболмен айналысып келе жатқан Сәбина Ақтөбеде дүниеге келген. 2012 жылы Қытай жерінде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына алғаш рет шақырту алған екен.
Естеріңізге сала кетсек, Тайпейде өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты 16 шілде күні басталған болатын. Топтан екінші орынмен шыққан жерлестеріміз Оңтүстік Корея қыздарынан жеңіліс тапты. Бүгін жапон қыздарымен кездеседі.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: ztb.kz, vk.com