Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі Селтик пен Астана командалары арасындағы бірінші ойынға румындық төрешілер қазылық жасайтын болды. Олардың арасында өткен маусымда осы шотландиялық клубқа қарсы ойында "Астана" қақпасына екі пенальти белгілеп, екі ойыншысын алаңнан қуған төреші де бар.
Румын төрешісі Иштван Ковач былтыр да "Селтик" – "Астана" ойынына қазылық жасаған. Сол ойында осы төреші елордалық ұжымның еңсесін түсірген еді. Екі бірдей пенальти белгілеп қана қоймай, "Астананың" екі ойыншысын алаңнан қуған-ды. Биыл қосалқы арбитрдің қызметін атқарып, қақпа сыртынды тұрады. Ал бас төреші – Овидиу Хацеган. Бұл ойында оған қос қапталдан отандастары Октавиан Совре мен Себастьян Георге көмектессе, Иштван Ковач пен Себастьян Колтесу қақпа сыртынан бақылайтын болады. Не де болса румын төрешілері Астананы тағы да аяқтан шалмас деген ойдамыз.
Айта кетейік, Глазгодағы бірінші кездесу сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні өтеді. Астана уақытымен сағат 00:45-те басталады. Тікелей эфирде "KazSport" арнасы көрсетеді. Ал қарымта ойын араға бір апта сала Астанада өтеді.