"Роттах-Эгерн" – "Бавария" 2:20 және футболдағы ең ірі есептер

Massaget.kz Корреспондент
Massaget.kz >
"Роттах-Эгерн" – "Бавария" 2:20 және футболдағы ең ірі есептер
Фото ©️ fcbayern.com, hookedupon.com, PATRIK STOLLARZ

8 тамыз күні мюнхендік “Бавария” маусым алдындағы дайындық кезеңінің соңғы кездесуін өткізді. Нико Ковач баптайтын команда Роттах-Эгерндегі Тегернзе жаттығу лагерінде жергілікті “Роттах-Эгерн" әуесқой клубымен кездесті. Ойын мюнхендіктер пайдасына 2:20 есебімен аяқталды. 

БӨЛІСУ


Ойында бавариялықтар сапынан Кингсли Коман 3 гол (1, 13, 16), Тиаго Алькантара 1 гол (3), Роберт Левандовски 3 гол (19, 33, 45), Сандро Вагнер 3 гол (56, 63, 68), Томас Мюллер 2 гол (58, 60), Максимилиан Франзке 3 гол (62, 74, 80), Себастьян Руды 1 гол (65), Франк Рибери 1 гол (70), Хамес Родригес 2 гол (76, 88), Джошуа Киммих 1 гол (79) соқты. Олардың қарсыластарынан Доминик Флюгер (26) және Андре Шмидт (32) көзге түсті. 

Бұл матч тек жолдастық кездесу болғандықтан, федерация базасына тіркелмейді және ойын нәтижесінің ресми статусы жоқ. Жолдастық ойындарда 20-дан аса голдың соғылуы таңғалатын жағдай емес. Ал ресми кездесулерде мұндай есептер көп тіркеле бермейді. Бірақ олардың да өз рекордтары бар. Ендеше назарларыңызға ең ірі есеппен аяқталған ресми кездесулерді ұсынамыз. 

Мадагаскар чемпионаты. “Адема” – “Стад Олимпик л’Эмирн” 149:0. 

2002 жылы Мадагаскар чемпионатының форматына сәйкес финалдық кезеңде үздік 4 команда айналма турларды өткізеді. Соңғы тур алдында “Стад Олимпик л’Эмирн” клубы төрешінің соңғы минутта белгілеген пенальтиі әсерінен чемпиондық атақтан үміт үзеді. Чемпионатта ақтық тур ғана қалған. Онда “Стад Олимпик л’Эмирн” “Адема” клубымен кездеседі. Соңғы ойынға бұл команда зор ызамен шығады. Команда бірауыздан өз қақпаларына автогол соғуға келісіп, ойын бастала салысымен голды қарша боратады. Ал “Адема” ойыншыларының бұл көріністі тамашалаудан басқа амалы қалмайды. Автоголдар ойында орташа есеппен әр 36 секунд сайын соғылған. Ойын аяқталған соң, “Стад Олимпик л’Эмирн” жаттықтырушысы Зака Бе және командадағы 4 ойыншы 3 жылға футболдан шеттетілді. Бұл кездесу кейін ең ірі есеп ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Әлем чемпионаты – 1982. Венгрия - Сальвадор 10:1. 

Әлем чемпионаттарының тарихындағы бір ойында тіркелген ең ірі есеп әзірге осы кездесуге тиесілі. Топтық кезеңнің екінші ойынында Венгрия құрамасы Сальвадорға қарсы фаворит болған. Бірақ олар 10 гол соғады деп ешкім ойламаған еді. Бірінші таймның өзінде венгрлер 3:0 есебімен алға шықты. Ал қалған 45 минутта әлемдік рекорд орнатылды. Бұл 10 гол Венгрияға чемпионатта көмектеспеді. Себебі олар Аргентинадан ұтылып, Бельгиямен тең түсіп, үшінші орынды ғана місе тұтты. 

Чемпиондар лигасы. Боруссия Дортмунд - Легия 8:4. 

Чемпиондар лигасында ірі есептер көп тіркеле бермейді. 2003 жылы “Монако” – “Депортиво” кездесуі 8:3 есебімен аяқталып, жалпы 11 гол соғылған еді. Бұл рекорд 13 жылдан кейін бір-ақ жаңарды. Чемпиондар лигасының 2016-2017 маусымында Ғ тобының 5-турында германиялық “Боруссия Дортмунд” польшалық “Легия” клубын Зигнал Идуана парк стадионында қабылдап, 8:4 есебімен ойсырата жеңді. Сөйтіп екі команда Чемпиондар лигасында жаңа рекорд орнатты. Кездесудегі жалпы гол санынан өзге нәтижелер де рекордтық көрсеткіш болып тіркелді: “Боруссия Дортмунд” өзінің алғашқы 5 голын 16 минут ішінде соқты, алғаш рет бір ойында 8 түрлі ойыншы гол соқты, Легия 4 гол соғып, ұтылып қалған алғашқы команда атанды.