Росицки мен Мертезакер «Арсеналмен» жаңа келісімшартқа отырды

Шерхан Талап Корреспондент
Шерхан Талап>
Росицки мен Мертезакер «Арсеналмен» жаңа келісімшартқа отырды

Чехиялық жартылай қорғаушы Томаш Росицки мен германиялық қорғаушы Пер Мертезакер лондондық «Арсенал» футбол клубымен жаңа келісімшартқа қол қойды. Бұл туралы «Р-Спорт» агенттігі хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

Росицки «Арсеналға» дортмундтық «Боруссиядан» 2006 жылы ауысып келді. Англияның ішкі біріншілігінде жалпы саны 146 ойын өткізіп, 16 доп соққан және 12 нәтижелі пас берген. Чехия құрамасының отыз үш жастағы жартылай қорғаушысы өткен маусымда премьер-лигада 18 ойын өткізіп, тек бір ғана доппен көзге түсті.

Мертезакер Германияның «Вердер», «Ганновер» клубтарында өнер көрсеткен. «Арсеналмен» 2011 жылы келісімшартқа отырды. Германия құрамасының жиырма тоғыз жастағы ойыншысы премьер-лигада 81, Чемпиондар лигасында 45 ойын өткізген.

«Арсенал» клубының бас бапкері Арсен Венгер: «Росицки мен Мертезакердің болашағын біздің клубпен байланыстырғанына қуаныштымыз. Олар үлкен тәжірибе мен ерекше талант иесі. Әріптестерім үшін жақсы жаңалық болды, олар бұны естігенде қуанары анық», - дейді клубтың ресми сайтына берген сұхбатында.

«Арсеналда» қалғаныма қуаныштымын. Бұл клубта ойнап келе жатқаныма бірнеше жыл болды. Алғаш келген кезде-ақ бұл жердің өз орным екенін сезген едім», - дейді Росицки.

Мертезакер өз кезегінде: «Мен мұнда әлі біраз жыл қалғым келеді. Біздің ұжым өте жақсы жасақталған, біз тек бас жүлде үшін күресетін боламыз. Бала күнімде Англияға алғаш қыдырып келіп, естелік ретінде «Арсеналдың» жейдесін сатып алғанмын. Оны мақтанышпен киіп, кейін достарыммен футбол ойнаған едім. Арада көп жылдар өткенде мен шынымен де лондондық клубтың ойыншысы атандым, мен бұл жейдені үлкен мақтанышпен киемін», - дейді.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: sport-xl.org