Бразилия ұлттық құрамасының және испандық «Реал Мадрид» командасының белгілі ойыншысы Марсело Виейра туриндік «Ювентус» клубына ауысуы мүмкін. Бұл туралы Италияның «Tuttosport» басылымы хабарлады.
Марселоның италиялық командаға ауысуын, бұған дейін бірнеше жыл командаласы болған Криштиану Роналду да қолдайтын көрінеді. Бұл ақпарат расталған жағдайда, Марсело Испаниядан Италияға 2019 жылдың жазында көшпек. Ювентус бразилиялық футболшыны 45-50 миллион еуроға сатып алмақшы.
Марсело Виейра де Силва Жуниор 1988 жылдың 12 мамырында Рио-де-Жанейрода дүниеге келген. Бүгінде орда бұзар жасқа шыққан футболшы Реал Мадрид сапында 2006 жылдан бері өнер көрсетеді. Бүгінгі күнге дейін ол осы корольдік клубта 453 кездесу өткізіп, қорғаушы қызметін атқара жүріп 33 гол соққан.