Португалиялық шабуылшы Криштиану Роналду Италияның "Ювентус" футбол клубына ауысқаннан кейін медициналық тексеруден өтті. Футболшының денсаулығы туриндік дәрігерлерді таңғалдырды.
"Роналдудың физикалық жағдайын 20 жастағы спортшының денсаулығымен салыстыруға болады", – деп жазды журналист Маттео Бонетти өзінің Twitter парақшасында.
Тест нәтижелеріне қарағанда Роналдудың ағзасында майдың көрсеткіші бар-жоғы 7 пайыз. Ал, бұл қалыпты спортшыларда орта есеппен 10-11 пайызды құрайды екен. 33 жастағы португалиялық шабуылшы Ресейде өткен әлем чемпионатында сағатына 34 шақырымдық жылдамдықпен жүгірген. Бұл да сол чемпионаттағы ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі.
Естеріңізге сала кетейік, әйгілі футболшы Криштиану Роналду Мадридтің "Реалынан" Туриннің "Ювентус" клубына 10 шілде күні ауысқан болатын. Португалдық сұрмерген "Ювентус" командасымен төртжылдық келісімшартқа қол қойған. Жылына 30 миллион еуро көлемінде еңбекақы алады. "Ювентус" футболшының трансферлік құнына 100 миллион еуро шығындаған. Роналду "Реал" футбол клубы сапында 438 ойынға қатысып, 451 гол соғып, команда тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды. Оның "Ювентус" сапындағы алғашқы дебюттік ойыны 12 тамызда өтеді.
Криштиану Роналду
- Басты
- Жаңалықтар
- Роналдудың денсаулығы туриндік...