Футболдан Испания Суперкубогының бірінші кездесуіндегі мадридтік «Реал» мен «Атлетико» арасындағы ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. «Корольдік клуб» жақында ғана қатарына қосқан Хамес Родригес бірінші голын соғып, жанкүйерлерін қуантты.
Мадридтік дербидің бірінші кездесуі «Сантьяго Бернабеу» стадионында өтті. Кездесу осы жазда дүниеден озған Альфредо ди Стефаноны еске алумен басталды. Бірінші таймда қос қарсылас бір-бірінің қақпаларын нысанаға алғанмен, таблодағы көрсеткішке өзгеріс енгізе алмай тарқасты. Екінші тайм басында Карло Анчелотти Криштиану Роналдудың орнына Хамес Родригесті шығарды. 81 минутта қонақтар қақпасы алдындағы қарбаласқан сәтте колумбиялық сұрмерген мергендігін танытып, ойындағы есепті ашты. Бірақ, «корольдік клуб» жеңісті уысында ұстап қала алмады. 88 минутта бұрыштамадан асырылған допқа бірінші жеткен Рауль Гарсия таразы басын теңестіріп кетті. Енді қарымта кездесу 23 тамыз күні «Висенте Кальдерон» стадионында өтеді.
«Реал» сапындағы бірінші голын соққан Родригес ойын соңынан өз ойымен бөлісті. Және де голды күтпеген жерден соққанын да айтып жеткізді. Сонымен қатар, алаңның кез келген бөлігінде өнер көрсетуге де шамасы жететінін жасырмады.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: football.sport-express.ru