Әлемнің экс бірінші ракеткасы швейцариялық Роджер Федерер Дэвис Кубогының ширек финалы аясында өтетін Қазақстан құрамасына қарсы матчқа қатысатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
«Мен сәуір айында команда капитаны Сэвпен (Северин Люти) және Стэнмен (Станислав Вавринка) бірге Қазақстанға қарсы кездесуде кордқа шығамын»,-деп жазды Федерер өзінің туиттердегі парақшасына.
Роджер Федерер өнер көрсеткен Швейцария құрамасы жарыстың ширек финалына Сербияны 3:2 есебімен ұтқаннан кейін шыққан еді. Бір қызығы, атақты швейцариялық Дэвис Кубогында бірде-бір рет топ жармаған екен.
Айта кетейік, қазіргі таңда Федерер кәсіпқой теннисшілер қауымдастығының рейтингісінде (АТР) сегізінші, ал оның отандасы, соңғы өткен «Үлкен Дулыға» санатына кіретін Аустралия ашық біріншілігінің вице-чемпионы Станислав Вавринка үшінші орында келеді.
Естеріңізге сала кетсек, отандастырымыз ширек финалға Бельгия құрамасының теннисшілерін 3:2 есебімен ұтқаннан кейін жолдама алған болатын. Осылайша, қазақстандық теннисшілер төрт жылдың ішінде үш мәрте жарыстың осы кезеңіне шығып отыр.
Сонымен Қазақстан және Швейцария құрамаларының арасындағы ширек финалдық матчтар 4-6 сәуір күндері өтпек. Әзірге кездесудің қай елде өтетіні белгісіз. Ол алдағы уақытта тартылатын соқыр жеребенің нәтижесінде белгілі болады.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: kapital.kz