2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына босқындар құрамасы қатысады. Бұл туралы Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) басшысы Томас Бах мәлімдеді.
"Халықаралық олимпиада комитеті босқындар Риода өтетін олимпиада ойындарына қатыса алады деген шешім қабылдады. Олар олимпиада қалашығында тұрады. Біз осы шешім арқылы босқындарға қолдау білдіргіміз келеді. Осылайша босқындар мәселесіне әлемнің назарын аударсақ дейміз", − деді Бах.
ХОК басшысы команданың үлкен болмайтынын айтып отыр. "Олимпиадаға қатысатын спортшылардың деңгейінің жоғары болуына байланысты біз команда үлкен болмайды деп ойлап отырмыз. Бәрі дұрыс болса, командада бестен он адамға дейін болуы мүмкін", − деді ол. Босқындардың нақты қай спорт түрінен өнер көрсететіні әзірше белгісіз.
Дереккөз: tengrinews