Тамыз айында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Олимпиада ойындарының медальдары таныстырылды. Таныстыру шарасына Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах арнайы барды.
Олимпиада ойындарына арналып 2488 медаль жасалған. Оның ішінде алтын мен күміс 812 данадан. Ал қола медальдар саны – 864. Сондай-ақ медальдарға жүлдегерлердің есімі де жазылатын болады.
Салмағы 500 граммды құрайтын медаль сынапты пайдаланбай, өндіріс талаптарына сәйкес алтыннан жасалатыны хабарланды. Күміс және қола медальдардың 30%-ы қайта өңделген материалдардан болмақ. Осылайша, медальдар ілінетін ленталар материалының жартысы қайта өңделген пластикалық бөтелкелерден дайындалмақ. Медальдарды сақтауға арналған қаптамалар Оңтүстік Америкада өсетін Кордия Гоэлда ағашынан жасалады.
Паралимпиада ойындары медальдарының да ерекшеліктері бар екен. Ол медальдардың ішінде шулы камера болады. Ол көз жанары нашар спортшыларға медальдың бағасын сезіндіру мақсатында жасалыпты. Алтын медальдардың шуы қаттырақ шығады екен.
Айта кетейік, Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындары 5-21 тамыз аралығында өтеді. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 98 жолдама бар.