Рио-де-Жанейро Олимпиадасының басталуына бір жылдан аз уақыт қалды. Қазір ұйымдастыру комитеті Бразилиядағы күрделі экономикалық жағдайға байланысты ойындардың ашылу және жабылу салтанатына кететін шығындарды қайта есептеп жатыр.
Мамандардың айтуынша, қаржы үнемдеудің арқасында бұл іс-шараға кететін шығын 2012 жылғы Лондон ойындарынан 10 есе аз болмақ.
«Біз қаржыны азайтамыз, алайда ашылу салтанатының сәнін шығармашылық шеберлікті сала отырып, әдемі көңіл-күймен жеткізетін боламыз», — дейді Ұйымдастыру комитетінің директоры Леонарду Каэтану.
Бразилиялық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Рио-де Жанейро Олимпиадасының ашылуы мен жабылу салтанатына 32 миллион доллар жұмсалатын көрінеді.
Айта кетейік, біздің елімізден әзірше Рио Олимпиадасына 21 спортшы жолдама алды.
Дереккөз: khabar