Рио-2016. Бір күнде бұйырған бес жолдама

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Рио-2016. Бір күнде бұйырған бес жолдама
Фото ©️ vk.xom

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының қоржыны Рио Олимпиадасының тағы екі жолдамасымен толықты. Қытайда өтіп жатқан Олимпиадаға іріктеу турнирінде қарсыластарынан басым түскен Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычко төрткүл дүние көз тігетін додада ел намысын қорғайды.

БӨЛІСУ

81 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын Әділбек Ниязымбетов жартылай финалда түрікмен боксшысы Азиз Ачиловты жеңді. Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған отандасымыз төрт жылда бір рет келетін додада екінші рет ел намысын қорғауға мүмкіндік алды. Ал Цяньаньдағы жарыстың финалында Әділбек басты қарсыластарының бірі - Эльшод Расуловпен кездеседі. 2015 жылы Таиландта өткен Азия чемпионатында өзбек боксшысы финалда Әділбекпен жұдырықтасудан бас тартқан болатын.

91 келіден жоғары салмақта Иван Дычкоға сенім артамыз. Отандасымыз жартылай финалда иорданиялық Хусейн Йашаихты сенімді түрде жеңіп шықты. Иван да финалда өзбек боксшысымен қолғап түйістіреді. Бұл жолғы қарсыласы - Баходир Джалолов.

Айта кетейік, бүгін бокстан ұлттық құрама қоржыны бес жолдамамен толығып отыр. Әділбек пен Иваннан бөлек, Абылайхан Жүсіпов, Жәнібек Әлімханұлы мен Дариға Шакимова Рио Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алған еді. Ал Қытайдағы жарысқа дейін Қазақстан құрамасының қоржынында 4 жолдама бар болатын.

Сондай-ақ, бүгін жеңіліс тапқан 52 келіге дейінгі салмақтағы Олжас Сәттібаев пен 56 келіге дейінгі салмақтағы Қайрат Ералиевтің да Рио Олимпиадасына жолдама жеңіп алуларына мол мүмкіндіктері бар. Ол үшін Олжас қырғыз Азат Үсеналиевті, Қайрат филиппиндік Марио Фернандесті жеңуі тиіс. Ертең шаршы алаңға шығатын отандастарымызға жеңіс тілейміз.