"Бавария" командасының жартылай қорғаушысы Франк Рибери Францияның ең жексұрын спортшысы атанды. Бұл туралы Францияның жергілікті ақпарат құралдары хабарлады.
Биылғы жылы ұлттық құрамадағы спорттық мансабын аяқтаған Рибери VSD басылымы жүргізген сауалнама нәтижесінде 67% дауыс жинаған. L'Equipe спорттық газетінің жазуы бойынша, екінші орынды "Манчестер Сити" командасының жартылай қорғаушысы Самир Насри (61%) иеленген. Самир Насри да Франция футбол құрамасында өнер көрсетеді. Ал, үшінші орынды 55% дауыспен Франция құрамасының бұрынғы шабуылшысы Николя Анелька еншіледі. Ал, "Реал" командасының шабуылшысы Кәрім Бензема 49% дауыс жинаған.
Франк Рибери қазан айында ұлттық құрамадағы спорттық мансабын аяқтайтынын мәлімдеген болатын. Футболшы алдағы уақытта отбасына көңіл бөліп, тек «Бавария» сапында ғана ойнайтынын жеткізген еді. Риберидің агенті футболшының бұндай қадамға баруын жанкүйерлер тарапынан айтылған сан алуан сыни пікір мен жағымсыз оқиғаның туындауынан деп түсіндірді.
31 жастағы Франк Рибери Франция ұлттық құрамасының сапындағы алғашқы кездесуін 2006 жылы 27 мамырда Мексика құрамасына қарсы өткізген. Содан бері 81 кездесуге қатысқан хавбек 16 гол соққан екен. Бразилияда өткен әлем чемпионатына ол жарақатына байланысты қатыса алмаған еді.
Сурет: sport-xl.org