Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің кезекті жекпе-жегіндегі қарсыласы анықталды.
Жекпе-жек 5-ші қазан күні Нью-Йорк қаласындағы Madison Square Garden кешенінде өтеді. Бұл жолы Геннадий Головкин украиналық Сергей Деревянченкомен (13-1, 10 КО) қолғап түйістіреді. Бәске орта салмақтағы IBF белбеуі тігіледі.
Жекпе-жектің өтетіні туралы Сергей Деревянченко әлеуметтік желі арқылы хабарлады. Украиналық боксшы айқастың постерін Instagram желісіне жүктеп, "Келіссөз аяқталды" деп жазды. Алайда бірер сағаттан соң екі жазбасын да өшіріп тастады.
Бұған дейін Халықаралық бокс федерациясы (IBF) Головкин мен Деревянченкоға жекпе-жек өткізуге рұқсат еткен болатын. Мексикалық боксшы Сауль Альварес (52-1-2, 35 КО) Сергей Деревянченкомен жекпе-жек өткізуге келісе алмағаннан соң 1 тамыз күні IBF белбеуін босатты.
Айта кетейік, Головкин 2015 жылдың қазанынан 2018 жылдың маусымына дейін IBF чемпиондық белбеуін иемденген еді. Алайда Сергей Деревянкомен жекпе-жек өткізуден бас тартқаннан соң белбеуінен айырылды.
37 жастағы Геннадий Головкин үшін бұл жекпе-жек кәсіпқойдағы 42-ші болмақ. GGG оның 39-нда жеңіске жетсе, 35-н уақытынан бұрын аяқтаған. Сауль Альварестен бір айқаста жеңіліс тауып, біреуінде тең түскен. Ал оның қарсыласы Сергей Деревянченко болса 14 жекпе-жек өткізіп, оның 13-нде ұтқан. Бір жекпе-жегінде қарсыласына есе жіберген.