Мадридтің "Реал" футбол клубы жартылай қорғаушы Тони Крооспен келісімшартын ұзартты. Бұл туралы команданың ресми сайты хабарлады.
Жаңа келісім бойынша футболшы "корольдік клуб" сапында 2023 жылдың 30 маусымына дейін ойнайды. Нақтырақ айтсақ, қазіргі келісімшартын тағы бір жылға созды.
Тони Кроос маусым аяқталысымен өзге командаға ауысуы мүмкін футболшылардың бірі саналған.
29 жастағы неміс футболшысы осы маусымда 43 ойынға қатысып, 1 гол соққан. 6 нәтижелі пас берген.
Жартылай қорғаушы мадридтік клубқа 2014 жылы "Бавариядан" ауысып келген болатын. Трансферлік құны 25 миллион еуроны құраған. Одан бергі аралықта Испания чемпионы (2016/17), Испания Суперкубогын (2017/18) жеңіп алды. Чемпиондар лигасында үш жыл қатарынан топ жарды.
Қазіргі таңда футболшыны немістің transfermarkt.de порталы 80 миллион еуроға бағалауда.