Әйгілі мадридтік «Реалдың» стадионы «Сантьяго Бернабеуді» белгісіз біреулер жарып жіберуді ойластырған көрінеді. Бұл туралы испандық басылымдар клубтың twitter желісіндегі жеке парақшасына сүйеніп хабар таратуда.
Испандық басылымдардың бұл ақпараты кеше жалған деп танылған. Бірақ, кейіннен жергілікті полицейлердің стадионға жақын маңдағы қоқыс жәшігінен жарылғыш затты тауып, залалсыздандырғаны анықталған. Жарылғыш зат «Сантьяго Бернабеуден» гөрі, теміржол бекетіне жақын орналасқан көрінеді. Бұл туралы клуб басшылығы қандай да бір мәлімдеме беріп отырған жоқ. Жарылыс ұйымдастырмақ болғандар да әлі анықталмаған.
«Корольдік клуб» өз алаңында соңғы рет 10 желтоқсан күні «Лудогорецке» (Чемпиондар лигасы) қарсы ойнаған болатын. Келесі кездесуін ертең «Эспаньолға» қарсы өткізеді.
Айта кетейік, стадион 1947 жылы салынып, кейіннен 1955 жылы сол кездегі клуб президенті Сантьяго Бернабеудің есімін алған.
Сурет: vk.com