Футболдан мадридтік «Реал» Испания ла-лигасының ХVІ тур ойындарында «Райо Вальекано» клубын ірі есеппен ұтты. «Сантьяго Бернабеу» стадионында өткен ойында 10:2 есебі тіркелді.
Ойында «корольдік клуб» бірінші болып есеп ашты. 3 минутта Гарет Бэйлдың берген пасын қорғаушы Данило сәтті пайдалана білді. Қонақтар да құр қарап қалған жоқ. 10 минутта таразы басын теңестіріп қана қоймай, араға 2 минут сала есепте алға шыға білді. Алдымен Антонио Амайя гол соқса, екінші голды Хосабед Санчес өз еншісіне жазды.
14 минутта «Райо Вальекано» сапынан Титоның алаңнан қуылуы – қонақтардың жағдайын қиындатты. Араға 10 минут сала Гарет Бэйл таразы басын теңестірді. 28 минутта Рауль Баена айып алаңында ереже бұзып екінші сары қағазын алғанда қонақтар нағыз тығырыққа тірелді. Криштиану Роналду пенальтиді сәтті орындап, «Реалды» алға шығарды.
9 ойыншымен қалған «Райо Вальекано» «Реалға» қарсылық таныта алмады. Роналду дубль авторы, Бензема хет-трик, Бэйл покер жасады. Нәтижесінде мадридтік ұжым өз тарихындағы ірі жеңістерінің біріне қол жеткізді.
Қазіргі таңда «Реал» 33 ұпаймен үшінші орында келеді. 2 ұпайға озып келе жатқан «Барселона» мен «Атлетиконың» бір ойындары кем.