«Реал» оныншы рет Чемпиондар лигасын иеленді

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
«Реал» оныншы рет Чемпиондар лигасын иеленді

2013/2014 жылғы Еуропадағы байрақты бәсеке саналатын Чемпиондар лигасының жеңімпазы да анықталды. Мадридтік дербиде «Реал»  мықты шықты.

БӨЛІСУ

Кездесудің алғашқы минуттарында қос клуб та бір-біріне қысымды күшейте қойған жоқ. Өйткені, қыр-сырларымен жақсы таныс ескі қарсыластар аңдап ойнауды жөн санады. Ойынның эпицентрі толықтай алаң орталығында өтті десек болады. Алғашқы минуттардан ойынға шықпайды деп күтілген Диего Коста жасыл алаңға шықты. Бірақ, көп тұрақтап қала алмады. 9 минутта шабуылшы өз орнын Адрианға босатты. 30-шы минутқа дейін қауіпті шабуыл түгіл бір-бірінің қақпаларына тәуір соққы да бағыттамады. 32-ші минутта Гарет Бэйл «Атлетико» ойыншыларының қателігін өз пайдасына жаратуға шақ қалды. Бірақ, сәттілік жетіспеді. Алғашқы қауіпті сәт те осы мезетте орын алды. Араға 4 минут сала Диего Симоене шәкірттері жүйелі шабуыл ұйымдастырды. Қорғаушылар мен Касильястың қателігі есептің ашылуына септігін тигізді. Диего Годин қарсыластарынан биік секіріп есепті ашты. Нәтижесінде осы маусымдағы Испания чемпиондары жеңіске жетіп шықты.

Екінші таймда командалардың қысымы арта түсті. Өз кезегінде «корольдік клубтың» аргентиналық футболшысы Ди Мария шеберлігімен көзге түсуге асыққанмен, «Атлетико» ойыншылары ереже бұзып болсын тоқтатумен шектелді. 53 минутта Криштиану Роналду өзінің діттеген айып соққысын бағыттағанмен, Тибо Куртуа қақпасын аман алып қалды. Карло Анчелотти командасының шабуылын үдету мақсатында алғашқы минуттардан ойынға араласқан Фавио Коэнтрау мен Сами Хедираның орнына Марсело мен Исконы шығарды. Аргентиналық бапкер де ойыншыларын алмастырды. 60-шы минуттан аса «Атлетико» екінші нөмірмен өнер көрсету жүйесін ұстануды жөн санады. Қарымта шабуылға иек арта бастады. «Корольдік клубтың» бапкері 78 минутта Карим Бенземаның орнына Моратаны шығарды. Ал француз футболшысы ойында мүлде көзге түсе алмады. Бэйл болса, бар мүмкіндікті босқа жіберуімен ғана шектелді. Есесіне Диего Симоене командасы ұстанған жүйе жемісін беруге жақындай түскен-ді. Бірақ, Серхио Рамос қосымша қосылған 5 минуттың аяқталуына аз ғана сәт қалғанда таразы басын теңестірді. Бұрыштамадан асырылған допқа Испания құрамасының қорғаушысы бірінші болып жетті. Және «Реалды» құтқарып қалды.


Алғашқы қосымша уақытта да «корольдік клуб» өз басымдығын танытуға асықты. Жүйелі шабуылы мен қысымын арттыра түсті. Бірақ, бұл қосымша кезеңде нәтиже өзгере қоймады. Екінші қосымша уақытты да «Реал» қарсыласын айып алаңына тықсыра түсті. Соңғы минуттағы Рамостың голы «Атлетикоға» психологиялық соққы болғаны анық. 110-шы минутта белсенген Ди Мария бірнеше қорғаушыларды алдап өтіп, қақпаға соққы бағыттады. Өз сәтінде табыла білген Гарет Бэйл командасын алға шығарды. Таразы басын теңестіруге асыққан «Атлетико» өз қақпаларына үшінші допты жіберіп алды. Бұл жолы Марселоның алдынан ешкім де тосқауыл бола қойған жоқ. Кездесу аяқталуға санаулы секунд қалғанда Роналдуға қарсы ойын ережесі бұзылып, Бьорн Кейперс пенальти белгіледі. Португалдық рекорд жаңартқан сұрмерген 11 метрліктен мүлт кетпеді. Нәтижесінде «Реал» өз тарихында оныншы рет Чемпиондар лигасының шыңын бағындырды. Ал ойынның үздік ойыншылары ретінде Серхио Рамос, Лука Модрич пен Ди Марияны тануға болады.

Анхель ди Мария - финалдың үздік ойыншысы болып танылды

Роналду Чемпиондар лигасындағы рекордын нықтай түсті (17 гол)

Карло Анчелотти үш рет Чемпиондар лигасын жеңген екінші бапкер 

Рамос - құтқарушы!

Касильяс екінші испандық финалда жеңіске жетті


"Мен футболшыларым мен жанкүйерлеріммен мақтанамын"


"Реал" жанкүйерлері "Сантьяго Бернабеуде"

"Атлетико" - маусымдағы жаңа құбылыс болып қалды

Жанкүйерлік танытқан Испания халқынының картасы


"Корольдік клуб" оныншы рет бұл атақты иеленді

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com, sports.ru