Футболдан Еуропаның басты бәсекесі саналатын Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы бірінші ойында "Реал" "Атлетиконы" 3:0 есебімен ойсырата ұтты. Ойындағы үш голды да Криштиану Роналду соқты.
"Сантьяго Бернабеу" стадионында өткен мадридтік дерби аса тартысты, жоғарғы қарқында өтті. Әсіресе, "корольдік клуб" алғашқы минуттардан шабуылын үдетіп, "Атлетико" ойыншыларын адым аштырмауға тырысты. 10 минутта Роналду Каземиро тепкен допқа бірінші жетіп, баспен гол соқты. "Атлетико" қақпашысы Ян Облак бұл допты қайтара алмады. Бірінші таймда қонақтардың да есеп теңестіруге зор мүмкіндігі болған. Бірақ "Реал" қақпашысы Кейлор Навас қақпасын голдан құтқарып қала білді.
Екінші тайм да "Реалдың" шабуылымен өтті. "Атлетико" алға ұмтыла түскенмен, қарымта шабуылда алаң иелерінің асығы алшысынан түсті. 73 минутта Роналду ойындағы екінші голын соқты. Ал ойын аяқталуға бірер минут қалғанда португалдық шабуылшы хет-трик орындады.
Қос команда арасындағы қарымта ойын 10 мамырдан 11 мамырға қараған түні өтеді.
Айта кетейік, Роналду Чемпиондар лигасы тарихындағы ең үздік сұрмерген. Бүгін шабуылшы бұл турнирдегі голдар санын 103-ке жеткізді.
Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы екінші ойын "Ювентус" пен "Монако" клубтары арасында өтеді.