Мадридтің "Реал" футбол клубы Чемпиондар лигасында үшінші жыл қатарынан жеңімпаз атанды. Киевте өткен финалда испандық ұжым Англияның "Ливерпуль" командасын 3:1 есебімен ұтты.
Әлем жұртшылығы көз тіккеннің ойынның бірінші таймында гол соғылмады. Қауіпті сәттер де аз болды. 31 минутта Мұхаммед Салах жарақат алып, алаңдағы орнын Адам Лалланаға босатты. Мысырлық футболшыға қарсы мадридтік клубтың капитаны Серхио Рамос дөрекі ойнаған сәттерімен есте қалды. Ал 37 минутта "Реал" сапынан Даниэль Карвахаль жарақат алып, ойынды ерте аяқтады. Қос ойыншының Ресейдегі әлем чемпионатына қатысуы әзірге белгісіз.
Ойындағы 4 гол да екінші таймда соғылды. Әсіресе "Ливерпуль" қақпашысы Лорис Кариустың екі бірдей қателігі команданы орға жықты. 51 минутта Карим Бензема қақпашының қателігін ұтымды пайдаланып, есеп ашты.
Араға 4 минут сала Садио Мане таразы басын теңестіргенмен, Исконы алмастырған Гарет Бэйлдің жұлдызы жанды. 64 минутта Марселоның асырған добын қия теуіп қақпа торында тулатты.
83 минутта алыс қашықтықтан Кариустың қарымын бір байқап көргісі келіп, допты қақпаға тура бағыттады. Асқан жылдамдықпен келген доп қақпашының қолынан сытылып шығып, қақпаға енді. Кәсіби голкипер үшін бұл допты қайтару қиын болмасы анық еді... Әйткенмен қателік болды. Қақпашы ойын соңынан барша жанкүйерлерінен кешірім сұрады.
Айта кетейік, "Реал" өз тарихында Чемпиондар лигасының кубогын 13-ші рет иеленіп отыр.