Мадридтің "Реал" футбол клубы екінші жыл қатарынан Чемпиондар лигасында топ жарды. Финалда Туриннің "Ювентус" командасын 4:1 есебімен ұтты.
Кардиффтегі ойын алғашқы минуттардан-ақ тартысқа толы басталды. "Ювентус" алға ұмтылып, "Реал" қарымта шабуылға иек артты. 7 минутта Миралем Пьяничтің дəл тепкен добын Кейлор Навас асқан шеберлікпен қайтара білді.
Жанкүйерлер күткен гол 20 минутта соғылды. Даниэль Карвахальдың берген добын Роналду қақпаға тура бағыттады. Допты Джанлуиджи Буффон қайтара алмады.
Туриндік клуб көп күттірмей есепті теңестірді. 27 минутта Марио Манджукичтің қайшылай тепкен добы "корольдік клубтың" қақпасында тулады.
Одан кейінгі аралықта командалар қауіпті шабуылдар ұйымдастырғанмен, есепті өзгерте алған жоқ.
Екінші таймды Зиннедин Зидан шəкірттері ширақ бастады. "Ювентус" болса қорғанысқа баса назар аудара бастады.
61 минутта Каземироның алыстан асқан жойқын соққымен тепкен добы Буффон қорғаған қақпаның торында тулады. Араға 3 минут сала Роналду дубль орындады. Лука Модричтің тамаша пасын португалдық шабуылшы голға айналдыра білді.
84 минутта Хуан Куадрадо екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. 90 минутта Марко Асенсио мадридтік клубтың төртінші голын соқты.
Мадридтік "Реал" Чемпиондар лигасы тарихында екі жыл қатарынан чемпион атаған алғашқы команда атанып отыр. Сондай-ақ мəртебелі кубокты 12-ші рет ұтып алды.