Он тоғыз жасар Рауан Сариев осыдан төрт жыл бұрын Бразилия жеріне футболдың қыр-сырын меңгеруге аттанған болатын. Бұл жылы отандасымыз елімізге оралуды жөн санапты. Алматы облысының тумасы «Қайрат» футбол клубымен үш жылдық келісім-шартқа қол қойды. Отанға оралғаны мен футболшы ретіндегі арманын Рауан Массагет тілшісімен болған сұхбат барысында айтып берген болатын.
- Рауан, елімізге оралып, «Қайрат» қатарына қосылғаныңда, көңіл-күйің қандай болды?
- Мен әрине, өзімнің туған еліме оралғаныма өте қуаныштымын. Ал «Қайраттың» Қазақстан футболының қаймағы екені баршамызға белгілі. Бұл команданың жарқын тарихын мен өте жақсы білемін. Еліміздегі әрбір бала кішкентай кезінде «Қайрат» сапында ойнауды армандайды. Менде де мұндай арман болды. Мен өзім Көксу ауданында өстім. Таңнан кешке дейін балалармен мектеп алаңында, жолда, тіпті қырда да доп қуалап жүрдім. Сондықтан «Қайрат» сапына қосылғаныма өте қуаныштымын.
- Бразилияға баратын футболшылардың қатарына қалай қосылдыңыз?
- Қазір «Жетісу» клубында ойнап жүрген ағам екеумізді алдымен жергілікті футбол мектебіне шақырды. Кейін Алматыдағы арнайы футбол мектебіне көштік. Осы жерде Бразилияға баратын аяқдопшыларды іріктеді. Мен әрдайым өзімнің алаңдағы ерекше қимылдарыммен көзге түсіп жүретін едім. Сол үшін мен Бразилияға баратын ойыншылардың қатарынан табылған шығармын. Десе де, біздің ауданнан мұхиттың арғы жағына төрт бірдей бала іріктеліп шықты. Осы үшін мен өзімнің ең алғашқы бапкерлеріме рақметімді айтқым келеді. Әсіресе, Барсуков Ахмет Салимұлына. Ол кісі менің осы деңгейге жетуіме көп көмектесті.
- Саған Бразилия елі ұнады ма?
- Қалай айтсам екен, шет ел қанша әдемі, қанша жақсы болып жатса да, өзіңнің туған еліңе жетпейді бәрібір. Дегенмен адам болғасын, барлық жағдайға үйренуге тура келеді. Ол жақта жүргенімде, Қазақстан туралы әрбір жаңалық мен үшін қуанышты болатын. Жаттығулардан соң, кешке ғаламтордан қазақтың әндерін тыңдайтынмын. Бұл сағынышымды аз да болса, басатын.
- Бразилияда қандай командаларда өнер көрсеттің? Және неге бразилиялық бапкерлер саған сол елде қалу туралы ұсыныс жасады?
- Алдымен бірінші сұраққа жауап берсем. Мен ол жақта оқуымды аяқтаған соң, жергілікті "Атлетико Минейро" командасында доп тептім. Бірақ, ол жақта ұзақ ойнаған жоқпын. Біршама уақыт өткен соң, "Ботафого" командасы шақырды. Сол жақта көбірек ойнадым да, міне енді еліме келдім. Ал екінші сұраққа келетін болсақ, оны менен емес, бразилиялық бапкерлерден сұрағандарыңыз дұрыс болады. Өйткені, менің сол жақта қалуымды сол кісілер қалады.
- Сен шабуыл шебінде ойнайсың. Сондықтан да сенің басты мақсатың - гол соғу. Бразилия жерінде өткізген спорттық ғұмырыңда қанша гол соқтың?
- Шыны керек, есімде жоқ. Бірақ, мен «Ботафогода» ойнап жүргенімде, он шақты гол соққан шығармын.
- Футболшы ретіндегі арманың қандай?
- Алдымен «Қайрат» командасының негізгі құрамына ену менің басты мақсатым. Содан кейін жанкүйерлерді нәтижелі соққылармен көбірек қуанту. Әрине, Қазақстан чемпионы атансам деген де ниетім бар.
- Алдағы уақыттарда тек табыс тілеймін. Әңгімеңе көп рақмет!
Cұхбаттасқан: Уалихан Қосанбай
Сурет: vesti.kz