Футболдан ел премьер-лигасының Х тур ойындары мәресіне жетті. Назарларыңызға кездесулердің нәтижелерін ұсынамыз.
"Ордабасы" (Шымкент) 1 – 1 "Жетісу" (Талдықорған)
Шымкенттік команда өз алаңында «Жетісуді» жеңеді деп болжағандар көп болған-ды. Бірінші болып гол жіберген «Ордабасы» 45 минутта Азат Нұрғалиевтің пенальтиден соққан голымен ғана қанағаттанды. Осылайша екі клуб арасын бір ұпай бөліп қала берді.
«Ертіс» (Павлодар) 2 – 0 «Тараз» (Тараз)
Павлодардағы ойын 2:0 есебімен алаң иелері пайдасына шешілді. Алғашқы гол 18 минутта қонақтар қақпашысы Джурахон Бабахановтың қателігінен кейін соғылды. Константин Дудченко өз мүмкіндігін мүлт жібермеді. 71 минутта Игорь Юриннің тамаша пасынан кейін Ұлықбек Бақаев ойындағы соңғы нәтижені тіркеді. Жақында ғана бас бапкерін қызметінен босатқан "Ертіс" 3 ұпайды еншілеп, 10-шы орынға көтерілді.
«Қайсар» (Қызылорда) 2 – 1 «Атырау» (Атырау)
Маусымды тәп-тәуір бастаған «Атыраудың» соңғы ойындары сәтсіз өтуде. Ал «Қайсар» өз алаңында бір рет қана есе жіберді. Алаң иелері жеңеді деп болжаған мамандар пікірі шындыққа айналды. Қонақтар 12 минутта есеп ашқан-ды. Алайда екінші таймда Римо Хунт Дмитрий Огай командасына жеңіс сыйлаған екі голды соқты. Нәтижесінде қызылордалық клуб 15 ұпаймен 4-ші орынға көтерілді.
«Астана» (Астана) 5 – 0 «Спартак» (Семей)
Елордалық клуб премьер-лига аутсайдерін ойсырата ұтты. Танат Нөсербаев дубль авторы атанса, 71 минутта Виктор Дмитриенко есепті ұлғайта түсті. Араға 6 минут сала Фокси Кетевоама қарсылас қақпасына кезекті допты енгізсе, ойындағы соңғы нәтижені Сисеру тіркеді.
«Қайрат» (Алматы) 2 – 0 «Шахтер» (Қарағанды)
Алматылық клуб «Шахтерға» қарсы керемет ойын өрнегін көрсетті. Бірінші болып Бауыржан Исламханның тамаша пасынан кейін Йосип Кнежевич есеп ашса, екінші таймда Мамоду Сиссей таблодағы нәтижені 2:0-ге жеткізді. «Қайраттың» есепті еселей түсуге бірнеше мүмкіндігі болды. Алайда пайдалана алмады. Ал Виктор Кумыков командасы мүлде өз ойын жүйесін таба алмады. Қауіпті сәттерді де көп тудыра қоймады.
«Тобыл» (Қостанай) 0 – 2 «Ақтөбе» (Ақтөбе)
Вардан Минасян командасы ел чемпиондарына қарсы қауқар таныта алмады. 14 минутта Данило Неко есеп ашса, екінші таймда «Ақтөбенің» өзбекстандық легионері Тимур Кападзе бір допты өз еншісіне жазды.
Х тур қорытындысы бойынша үздік сұрмергендер көшін шымкенттік "Ордабасы" шабуылшысы Эдин Юнузович бастап келеді.
№ | Командалар | Ойын | Жеңіс | Тең | Жеңіліс | Голдар | Ұпай |
---|---|---|---|---|---|---|---|
1 | Ақтөбе | 10 | 7 | 2 | 1 | 15-3 | 23 |
2 | Астана | 10 | 6 | 3 | 1 | 14-5 | 21 |
3 | Шахтер | 10 | 5 | 2 | 3 | 14-8 | 17 |
4 | Қайсар | 10 | 4 | 3 | 3 | 10-10 | 15 |
5 | Қайрат | 10 | 4 | 2 | 4 | 10-8 | 14 |
6 | Ордабасы | 10 | 4 | 2 | 4 | 10-10 | 14 |
7 | Жетісу | 10 | 3 | 4 | 3 | 7-6 | 13 |
8 | Атырау | 10 | 3 | 4 | 3 | 9-10 | 13 |
9 | Тобыл | 10 | 3 | 3 | 4 | 9-12 | 12 |
10 | Ертіс | 10 | 3 | 2 | 5 | 11-14 | 11 |
11 | Тараз | 10 | 2 | 2 | 6 | 8-17 | 8 |
12 | Спартак | 10 | 0 | 3 | 7 | 5-19 | 3 |
Автор: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.kz