Футболдан ел премьер-лигасының 2014 жылғы маусымдағы жеңімпазы анықталды. Елордалық «Астана» мерзімінен бұрын чемпиондық атаққа қол жеткізді.
ХХХІ тур ойындарында алматылық «Қайрат» Ақтөбеде жеңіліс тауып, «Астана» өз алаңында «Қайсарды» жеңсе ел чемпионы бір тур алдын белгілі болатыны анық еді. Дәл осындай жағдай орын алды.
Владимир Вайсс шәкірттері түзде «Ақтөбеге» есе жіберді. 75 минутта Абат Айымбетовты алмастырған Дидар Жалмұқан араға 7 минут сала гол соғып, «Қайраттың» үмітін түбегейлі үзді. «Астанаға» чемпиондық атақ «сыйлады».
Станимир Стойлов шәкірттері де бүгінгі ойынның шешуші маңызға ие екенін сезініп шықты. Қызылордалық «Қайсар» «Астананың» бір адым қалған жетістігіне тұсау сала алмады. Өз қақпаларына үш гол өткізіп, Еуропа лигасына берілер жолдамадан алыстай түсті. «Астананың» болса еншісінде әлі бір кем ойыны бар. Оны 5 қараша күні «Ақтөбеге» қарсы өткізеді.
«Астана» өз тарихында алғаш рет чемпион атанды. Ал команданың жартылай қорғаушысы Фокси Кетевоама «Қайсар» қақпасына бағыттаған нәтижелі соққысын қоса есептегенде 15 голмен сұрмергендер көшін бастады.
Еуропа лигасына берілер бір жолдама соңғы турда шешілетін болды. Бүгін өз алаңында қарағандылық «Шахтерды» қабылдаған «Ордабасы» 3:2 есебімен жеңіске жетті. Нәтижесінде, әзірге төртінші орынға бірден-бір үміткер саналуда.
Екінші алтылықтағы командалардың тағдыры соңғы турда шешілгелі тұр. Жақында ғана ресейлік бапкерді қызметке алған «Ертіс» Таразда жергілікті ұжымды ірі есеппен ұтып, «қауіпті аймақтан» іргесін аулақ салды. «Спартак» та соңғы сәттерде соңғы демдерімен премьер-лигадан шығып қалмау үшін жанталасуда. Бүгін семейлік клуб өз алаңында «Атырауды» 3:1 есебімен жеңіп, бар бағын соңғы турда сынап көруге мүмкіндік алды. Ел футболындағы тарихы бай «Тобылдың» да премьер-лигадан шығып қалу қаупі туындаған. Бірақ, бүгін Қостанайда «Жетісуді» жеңген клуб аз да болса үмітін жалғады.
Премьер-лиганың соңғы тур ойындары 9 қараша күні өтеді. Алғашқы алтылықта «Ордабасы» - «Ақтөбе», және «Қайсар» - «Шахтер» ойындары оңтүстіктік бір клубтың Еуропа лигасына шығатынын анықтайды. Ал «Қайрат» пен «Астана» ойыны күміс жүлдені иеленген ұжымды анықтап қалу маңызына ие болуы да мүмкін. Өйткені, «Ақтөбенің» «Астанамен» өткізетін бір кем ойыны бар. «Кеншілер» болса, бұл маусымды алтыншы орынмен аяқтады.
Екінші алтылықта «Тараз» - «Спартак», «Атырау» - «Тобыл», «Жетісу» - «Ертіс» ойындары болады. Үш ойынның да маңызы жоғары. «Атырау» мен «Ертістің» ғана премьер-лигада қалу мүмкіндігі өзге ұжымдардан жоғарылау.
Ал ҚР кубогын сарапқа салатын «Ақтөбе» мен «Қайрат» арасындағы кездесу 22 қараша күні «Астана-арена» стадионында өтеді. Бұл тартысты кәсіпқой бокста ел абыройын асқақтатып жүрген Геннадий Головкин келіп тамашалайды деп жоспарлануда.
Cурет:fca.kz, pfl.kz